Оқиға 21 шілдеде болған.
Жетісу облысында жеңіл көлік тасжолға құлаған ағашқа соғылып, салдарынан жүргізуші зардап шеккен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Instagram-дағы Krisp.tdk паблигінде үлкен ағаш автокөлікке құлағаны туралы ақпарат жарияланды. Хабарламада оқиғаның Ескелді ауданына қарасты Жетісу ауылының қасында болғаны айтылған.
Бұған қатысты Жетісу облыстық ТЖД пікір білдірген. Ведомствоның мәліметінше, оқиға 21 шілдеде болған.
Қатты жел салдарынан Қарабұлақ-Текелі автожолының "Өмір бұлақ" маңында жолдың жүру бөлігіне ағаш құлап, оған Toyota Camry автокөлігі соқтығысқан.
"Көлікте бес адам болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші Ескелді аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жағдайы тұрақты. Көлікте қысылып қалған адамдар болған жоқ", - делінген хабарламада.
ТЖД қызметкерлері ағаштың бұтақтарын кесіп, жолдың жүру бөлігін ішінара тазалап, көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз еткен.
Жетісу облыстық ТЖД жүргізушілерге қатты жел кезінде жолда барынша сақ болып, қауіпсіз жылдамдықты сақтауға кеңес береді.