$ 469.59  536.22  5.96

WBO Жәнібек Әлімханұлына қатысты мәлімдеме жасады

WBO мәліметінше, ұйым Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тарту туралы өтінішін ресми түрде қабылдаған.

Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

WBO мәліметінше, ұйым Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тарту туралы өтінішін ресми түрде қабылдаған.

– Комитет Жәнібек Әлімханұлының WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан өз еркімен бас тартуын ресми түрде қабылдайды. Уақытша чемпион Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне көтеріліп, осы атаққа тиесілі барлық құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Әлімханұлы бұған дейінгі тәртіптік шешімде көрсетілген барлық талаптарды орындады. Оның екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемдік рейтингке енгізу туралы өтініші WBO рейтинг комитетінің қарауына жолданды. Комитет бұрынғы чемпиондық мәртебесі мен жетістіктерін ескеруі мүмкін. Сонымен қатар ұйым Бентлидің алғашқы титулдық жекпе-жегі міндетті қорғаныс па, әлде ерікті қорғаныс бола ма, оны кейін анықтайды. Бұл шешім түпкілікті болып саналады және оған 14 күн ішінде жазбаша түрде шағым беруге болады, – делінген WBO мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ұйым кубалық Йоэнли Эрнандесті орта салмақтағы міндетті үміткер ретінде жариялады.

Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы 2025 жылғы 2 желтоқсанда басталды. VADA ұйымы 15 қарашада алынған сынамадан тыйым салынған мельдоний препаратын анықтаған. Соның салдарынан WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіруші жекпе-жек өтпей қалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0