$ 469.59  536.22  5.96

Павлодарда гараж маңынан ес-түссіз жатқан жасөспірім табылды

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қыздың заңды өкіліне қатысты әкімшілік шаралар қабылданған.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Павлодарда алкоголь ішкеннен кейін ес-түссіз жатқан кәмелетке толмаған қыз анықталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оқиға қаладағы бассейндердің бірінің маңындағы гараждар аумағында болған. Жасөспірім шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілген.

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қыздың заңды өкіліне қатысты әкімшілік шаралар қабылданған.

«Қоғамдық орында мас күйінде жүргені, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін қыздың заңды өкіліне қатысты әкімшілік материал рәсімделді», – деді Павлодар облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Полицияның мәліметінше, өңірде мұндай деректер аз емес. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың алкоголь тұтынуына және қоғамдық орындарда мас күйінде жүруіне қатысты 90 құқық бұзушылық анықталған.

Бұдан бөлек, балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе ересектердің қарауынсыз сыртта жүруіне байланысты 1809 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың қайда жүргенін қадағалап, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға шақырды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі ең алдымен отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін еске салды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0