22.07.2026, 13:00

Қажылыққа барғысы келетіндерге жаңалық: Сауд Арабиясы жаңа визаны іске қосты

Фото: Pixabay

Ведомство бұл көп мәртелік визаның қажылық маусымында қолданылмайтынын ерекше атап өтті.

Сауд Арабиясы ұмра қажылығына арналған жаңа көп мәртелік визаны іске қосты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігінің мәліметінше, жаңа виза берілген күннен бастап 365 күнбойы жарамды болады. Ол қажыларға бір жыл ішінде елге бірнеше рет кіріп-шығуға мүмкіндік береді.

Алайда бұл визамен Сауд Арабиясында болу мерзімі 90 күннен аспауы тиіс. Бұл шектеу визаның қолданылу мерзімі ішінде жасалған барлық сапарлардың жалпы ұзақтығына есептеледі.

Министрлік әр сапар алдында қажылардың Nusuk платформасы арқылы аккредитациядан өткен қызмет көрсетушілердің бірінен міндетті түрде сервистік пакет сатып алуы қажет екенін мәлімдеді. Пакетке елде болуға қажетті негізгі қызметтер кіреді. Сондай-ақ оның жарамдылық мерзімі визада қалған рұқсат етілген күн санынан аспауы керек.

Ведомство бұл көп мәртелік визаның қажылық маусымында қолданылмайтынын ерекше атап өтті.

«Бұл виза тек ұмра қажылығын өтеуге арналған», – деп мәлімдеді министрлік.

Сауд Арабиясы билігінің айтуынша, жаңа бастама қажылардың сапарын ұйымдастыруды жеңілдетуге, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және Saudi Vision 2030 бағдарламасы аясында діни туризмді дамытуға бағытталған.