22.07.2026, 16:20

«Қазақстанда тұңғыш рет!»: Нұрлан имам ресми куәлік алды

Фото: Инстаграм

Бұл туралы белгілі дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Қазақстанда алғаш рет имам мен оның орынбасарларына діни уағыз айтып, дін таратуға құқық беретін ресми миссионерлік куәлік табысталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы белгілі дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, құжат Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес рәсімделген.

Қолданыстағы заңнамаға сай, елімізде діни ілімді насихаттау, уағыз жүргізу және миссионерлік қызметпен айналысу үшін уәкілетті мемлекеттік органның ресми тіркеуінен өтіп, арнайы куәлік алу міндетті.

Нұрлан Байжігітұлының мәліметінше, мұндай куәлік Қазақстан тарихында алғаш рет имамның өзіне және екі наиб-имамына беріліп отыр.

«Қазақстанда тұңғыш рет! «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес, дін тарату, насихат айту, яғни миссионерлік құқық беретін куәлік-құжат бірінші рет елімізде имамға, яғни маған және менің екі наиб-имамыма ресми түрде берілді», – деп жазды Нұрлан имам.

Айтуынша, бұл құжат діни ағартушылық жұмыстарын заң талаптарына сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ имамдар мен олардың орынбасарлары халық арасында және ақпараттық кеңістікте ресми түрде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізе алады.