23.07.2026, 12:20

Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды

Фото: видеодан скрин

Демалыс күндері Павлодар облысында нөсер жаңбыр жауып, екпінді жел мен бұршақ соқты. 

Екібастұзда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мұндай шешім өткен демалыс күндері болған жойқын дауылдан ең көп зардап шеккен Құдайкөл ауылын қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен қаражатты жедел бөлу мақсатында қабылданған.

Демалыс күндері Павлодар облысында нөсер жаңбыр жауып, екпінді жел мен бұршақ соқты. Салдарынан алты адам жарақат алған.

Әсіресе Құдайкөл ауылына айтарлықтай зиян келді. Дауылдың салдарынан ондаған үйдің шатыры ұшып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бүлінді. Сондай-ақ электр желілері зақымданып, елді мекен жарықсыз қалған.

Қазіргі уақытта келтірілген материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр. Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі 22 шілдеден бастап күшіне енді. Ол дауылдың барлық салдары толық жойылғанға дейін өз күшінде болады.