23.07.2026, 14:45

Шымкенттегі металлургия зауытының ісі бойынша жаңа дау шықты

Фото: видео скриншот

Зауыт басшылығы мұндай шешім тергеудің объективтілігіне күмән тудырады деп есептейді.

Шымкенттегі металлургия зауыты төңірегіндегі даулы іске қатысты жаңа мәселе туындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кәсіпорын өкілдері қылмыстық істің Ішкі істер министрлігіне қарасты Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілуіне қарсылық білдіріп, тергеуді бастапқы тергеу тобының қарауына қайтаруды сұрап отыр.

Олардың айтуынша, іс тергеудің соңғы кезеңінде басқа органға берілген.

Зауыт басшылығы мұндай шешім тергеудің объективтілігіне күмән тудырады деп есептейді.

Кәсіпорынның адвокаты Марат Байзақовтың сөзінше, қылмыстық істі қызметкерлеріне қатысты күдік бар органның өзіне беру әділ тергеуге күмән келтіреді.

«Қылмыстық істің ауызша нұсқаумен дәл сол органға берілуі, оның қызметкерлеріне қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасады деген күдік болған жағдайда, тергеудің объективтілігіне қатысты негізді күмән туғызады. Әсіресе, бұл іс сотқа жолдануға дайын тұрған соңғы кезеңде орын алғаны алаңдатады», – деді адвокат.

Еске салсақ, биыл 6 мамырда полицияның арнайы операциясы барысында зауыт аумағында ондаған Қытай азаматы ұсталған болатын. Осыдан кейін кәсіпорын жұмысы іс жүзінде тоқтап қалған. Кейін іске прокуратура араласқанымен, зауыт өкілдерінің мәлімдеуінше, тергеу соңғы кезеңде ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне тапсырылған.

Зауыт құрылтайшысы Кэ Сююньдің айтуынша, болған оқиға кәсіпорынға елеулі материалдық шығын келтірген.

«Кәсіпорынға 179 миллион теңге көлемінде залал келді. Бұл қылмыстық іс материалдарымен де расталады. Қазақстанда әділ әрі объективті тергеу жүргізуге мүмкіндік беретін барлық тетіктер бар деп сенеміз. Сондықтан істің жан-жақты қаралуын және инвесторлардың заң үстемдігіне деген сенімінің қалпына келуін сұраймыз», – деді ол.

Компания мәліметінше, оқиғадан кейін халықаралық серіктестердің бірі бірлескен инвестициялық жобадан бас тартқан. Соның салдарынан Қазақстан шамамен 90 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестициядан қағылған.

Инвестор Ю Чань Чидің айтуынша, ол келіссөз жүргізу үшін зауыт кеңсесінде болған кезде ұсталып, бір тәулік арнайы қабылдау орнында болған.

«Қазір Қазақстанға инвестиция салу мәселесіне күмәнмен қараймын. Инвесторлардың құқықтары қорғалып, олар үшін қолайлы жағдай жасалуы керек деп есептеймін», – деді ол.

Ал бұған дейін құқық қорғау органдары барлық іс-шаралар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілгенін хабарлаған болатын. Ресми мәліметке сәйкес, тексеру барысында кәсіпорын аумағында көші-қон заңнамасын бұзу деректері анықталған.

Өз кезегінде кәсіпорын өкілдері тағылған айыптарды жоққа шығарып, қылмыстық істің ІІМ қарауына берілуіне қарсылық білдіруде. Олар істі бастапқы тергеу тобына қайтаруды талап етіп отыр.

Қазіргі уақытта құқық қорғау және қадағалау органдарынан ресми түсініктеме күтілуде.