23.07.2026, 16:40

Көкшетауда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жігіт қаза тапты

Фото: Deposiphotos.com

Алдын ала мәлімет бойынша, екі жас жігіт жөндеу жұмыстарын металл бұрыштық профильді (темір бұрышты) пайдаланып жүргізген.

22 шілде күні Көкшетауда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жас жігіт қаза тапты. Тағы бір 17 жастағы жасөспірім ауыр электр күйігін алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Алдын ала мәлімет бойынша, екі жас жігіт жөндеу жұмыстарын металл бұрыштық профильді (темір бұрышты) пайдаланып жүргізген.

Кенет қатты желдің салдарынан ұзын металл конструкциясы электр беру желісіне құлап, кернеуге түскен. Жас жігіттердің бірі металл бұрышқа құралмен тиген сәтте оны бірден электр тоғы соққан.

Оның 17 жастағы серігі де зардап шекті. Жасөспірім электр күйігін алып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Аталған дерек Көкшетау қалалық полиция басқармасында тіркелді», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары басталды.