24.07.2026, 11:20

Қытай төрағасы Си Цзиньпин алдағы күзде Дональд Трамппен кездесетін болды

Фото: Казинформ

Трамптың айтуынша, Қытай басшысы Вашингтонға 2026 жылғы 24 қыркүйекте келеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің алдағы АҚШ сапары кезінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық негізгі талқылау тақырыптарының бірі болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Трамптың айтуынша, Қытай басшысы Вашингтонға 2026 жылғы 24 қыркүйекте келеді. Ол бұған дейін, биыл наурыз айында Бейжіңге жасаған сапары барысында Си Цзиньпинді АҚШ-қа ресми түрде шақырғанын еске салды.

«Президент Си Цзиньпин 24 қыркүйекте келеді. Біз Бейжіңде жасанды интеллект мәселесін талқылаған болатынбыз. Бұл тақырыпты тағы да күн тәртібіне шығарамыз», – деді Дональд Трамп. Оның сөзін Reuters агенттігі келтірді.

Осы аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И кездесіп, екі ел басшыларының жоғары деңгейдегі кездесуіне дайындық мәселелерін талқылады.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Қытай көшбасшыларының кездесуі екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық шиеленісті бәсеңдетуге ықпал етуі мүмкін. Әлемдегі ең ірі екі экономиканың қарым-қатынасы 2025 жылы айтарлықтай нашарлап, оның салдары жаһандық экономикаға да әсер еткен болатын.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Қазақстаннан импортталатын бірқатар тауарға қосымша 12,5 пайыздық кедендік баж салығын енгізді. Жаңа тариф 2026 жылғы 24 шілдеден бастап күшіне енді.