24.07.2026, 14:40

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені белгіледі

Фото: nationalbank.kz

Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі маусым айында 13,4% (12,7%) болды.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 п. т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

— Жылдық инфляция тоғыз ай бойы төмендеп, мамырдағы 10,4%-дан маусым айында 10,3% болды. Азық-түлік инфляциясы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,7% деңгейінде сақталды. Реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының жылдық төмендеуі кезінде реттелмейтін қызметтердің қымбаттауы аясында қызметтер инфляциясы 9,0% (мамырда — 8,7%) көрсетті.

Айлық инфляция маусым айында 0,8%, ал базалық инфляцияның маусымдық факторлар ескерілмеген бағалау медианасы 0,9% болды. Қазіргі динамика дезинфляциялық импульстің әлсірегенін көрсетуі мүмкін, алайда инфляцияның динамикасында байқалатын үрдістер кейінгі деректермен расталуды қажет етеді, — делінген банк хабарламасында.

Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі маусым айында 13,4% (12,7%) болды. Бұл ретте нарықтың кәсіби қатысушыларының 2026 жылға болжамы 10,0% деңгейінде тұрақты түрде сақталды. Ал 2027 жылға күтулер төмендеу бағытында қайта қаралып, 7,8% болды.

— Сыртқы секторда белгісіздік әлі сақталып тұр. Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайтадан ушығуы энергия ресурстарының бағасын өсірді. Әлемдік азық-түлік бағасы әртүрлі бағытта қалыптасып отыр. Жоғары сұраныс пен шектеулі ұсыныстың аясында өсімдік майы мен ет қымбаттайды, ал дәнді дақылдар бағасы егін бітік шығады деген болжамның жақсаруына байланысты төмендейді деп күтіледі.

Ресейде инфляция қарқын алып тұр. Осыған байланысты Ресей банкі проинфляциялық тәуекелдердің күшейгенін алға тартып, негізгі мөлшерлемені одан әрі төмендетуге сақтық танытып отыр. Еуроаймақта энергия көздерінің бағасы өседі деген болжам келешек инфляцияға қатысты күтулерді нашарлатты. Ал АҚШ-та инфляция нысаналы деңгейден жоғары күйінде қалды. Маусым айында ЕОБ негізгі мөлшерлемелерді көтеріп, 2023 жылдан бері алғаш рет ақша-кредит саясатын қатаңдатуға көшті. ФРЖ мөлшерлемені өзгеріссіз сақтап, бұдан кейінгі шешімдердің келіп түсетін деректерге және тәуекелдер теңгерімінің өзгеруіне байланысты болатынын атап өтті. Бұл жаһандық монетарлық шарттар мейлінше ұзақ уақыт бойы қатаң сақталатынын көрсетеді, — делінген хабарламада.

Экономикалық белсенділік артып келеді. 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ 4,1%-ға өсті. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, өсім шамамен — 5,3%. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласында жоғары қарқын сақталуда. Инвестициялар 9,6%-ға дейін жеделдеді. Бюджет қаражатын есепке алмағанда, шикізатқа жатпайтын секторға инвестициялардың өсуі 28,9% болды.