24.07.2026, 22:30

«Шай мен бауырсаққа – 15 мың теңге»: Шарын шатқалындағы баға елдің ашуын тудырды

Фото: Әлеуметтік желі

Ал екінші тарап мәселе бағаның жоғары болуында емес, көрсетілетін қызметтің сапасында екенін айтты.

Шарын шатқалындағы дәмханалардың біріндегі баға әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа себеп болды. Қазақстандық блогер Сабина Instagram парақшасында жариялаған видеосында шай мен бауырсақ үшін 15 мың теңге төлегенін айтып, мұндай бағаның орынсыз, туристерді ашық тонау екенін  жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның сөзінше, негізгі тапсырыстың құнынан бөлек, қарапайым қағаз пакет үшін 300 теңге алынуы да көңіліне қонбаған.

«Қазақстанда туризм неге баяу дамиды деген сұрақтың жауабы осындай жағдайларда көрінеді. Әрине, бұл – жетуі қиын туристік орын екенін түсінемін. Бірақ қағаз пакетке 300 теңге сұрау – шектен тыс сияқты», – дейді блогер.

Желіде жарияланған видео аз уақыттың ішінде мыңдаған қаралым жинап, қолданушылар толассыз пікір жазды. Бірі еліміздегі туристік аймақтардағы бағаның қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиетінін айтып, ішкі туризмнің қолжетімділігі төмендеп бара жатқанын алға тартты.

«Тіпті Алматы тұрғындарының өзіне отбасымен Медеуге, Шымбұлаққа немесе Шарынға барып демалу оңай емес. Баға жылдан-жылға өсіп келеді», – деп жазды желі қолданушылары.

Ал екінші тарап мәселе бағаның жоғары болуында емес, көрсетілетін қызметтің сапасында екенін айтты. Олардың пікірінше, егер сервис жоғары деңгейде болса, туристер қымбат баға төлеуге де дайын.

Бұл оқиға Қазақстандағы ішкі туризмнің бағасы мен қызмет көрсету сапасына қатысты мәселені тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Желі қолданушылардың пікірінше, туристік нысандардағы баға саясаты қызмет сапасымен үйлесіп отырмаса, бұл ішкі туризмнің дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Айта кетейік, Шарын шатқалы – Қазақстандағы ең танымал табиғи туристік орындардың бірі. Жыл сайын мұнда еліміздің әр өңірінен және шетелден мыңдаған турист келеді.