Бүгінде Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық бастамалардың өкілдерінен құралған белсенді жастар қауымдастығы қалыптасты.
Астанада азаматтық қоғам өкілдері мен жастар қауымдастығы үшін айтулы оқиға өтті. Еліміздің белсенді екі қоғамдық ұйымы, олар: «Жаңа адамдар» мен «Дала Қырандары» қозғалыстары өздерінің саяси-қоғамдық күштерін біріктірді. Олар «Әділет» партиясының кадрлық резервін даярлайтын, жас көшбасшылар мен сарапшыларды шыңдайтын «Адал азамат» мектебінің ашылғанын ресми түрде жариялады.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген белсенді жастар, спорт федерациялары мен клубтарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба жастардың әлеуетін ел дамуына, нақты реформаларды жүзеге асыруға бағыттайтын бірегей әлеуметтік лифт болмақ. Жиын барысында ұйымдастырушылар мен қозғалыс жетекшілері жобаның мақсат-міндеттерін кеңінен түсіндіріп, өз көзқарастарын ашық білдірді.
Әсель Баденова, «Жаңа адамдар» Қозғалысының негізін қалаушы
«Бүгінде Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық бастамалардың өкілдерінен құралған белсенді жастар қауымдастығы қалыптасты. Ендігі қадам: осы әлеуетті біріктіріп, түрлі саладағы реформаларды жүзеге асыра алатын жас көшбасшыларды даярлау. Сондықтан «Жаңа адамдар» және «Дала Қырандары» қозғалыстары жас көшбасшыларды, сарапшыларды және «Әділет» партиясының кадрлық резервін даярлайтын «Адал азамат» мектебін іске қосады».
Мейірболат Тоитов, «Дала Қырандары» Қозғалысының үйлестірушісі
«Бүгінде Қазақстанға осындай белсенді әрі жауапты жастар қажет. «Дала Қырандары» мен «Жаңа адамдар» осыған дейін «Әділет» партиясының жастар қанатын құру ниеті туралы мәлімдеді. Ал бүгін біз келесі қадамды жүзеге асырамыз. Елдің белсенді жастарын біріктіретін, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін және кадрлық резерв даярлайтын мектепті ашамыз. Сондықтан «Адал азамат» мектебінің ашылуы: осы уақытқа дейін атқарған жұмысымыздың заңды жалғасы. Біздің мақсатымыз: қоғамға нақты пайдасын тигізетін, жауапты әрі тәртіпті көшбасшыларды тәрбиелеу».
Алпамыс Әбілов, «Жаңа адамдар» Қозғалысының баспасөз хатшысы
«Жаңа адамдар» мен «Дала Қырандары» қозғалыстары осыдан бір апта бұрын өзара бірігіп, болашақта «Әділет» партиясын құруға ниетті екендігін мәлімдеген болатын. Бүгінгі шара: бұл жоспарымызды қалай іске асыратынымызды көрсететін кезекті нақты қадамымыз.
Осы жинақталған тәжірибемізді «Дала Қырандарымен» бірлесе отырып, «Адал азамат» деп аталатын арнайы білім беру бағдарламасына біріктірдік. Неліктен мұндай атау бердік? Біріншіден, біздің басты мақсатымыз: Әділетті Қазақстанды құру. Ал Әділетті Қазақстанды құратын да, барлық жобаларды іс жүзінде асыратын да: ең алдымен адамдар. Сондықтан Ата заңымызда бекітілген «Адал азамат» қағидатын негізге алдық.
Кез келген тілек білдірушіге осы білім мен дағдыларды үйретеміз. Бұл: елге нақты пайдасын тигізгісі келетін амбициясы бар кез келген жас та, немесе белгілі бір ұйым да болуы мүмкін. Өз қатарында белгілі бір адам саны бар, идеялары мен жобаларын республикалық деңгейде кеңейткісі келетін ұйымдарға да көмектесуге дайынбыз».
Бағдарламаның негізгі қағидаттары мен оқу жүйесі
«Мәселе шешімі — өзімде» («Мәселе менде») қағидаты «Адал азамат» білім беру бағдарламасының негізіне осы қағидат қойылған. Бұл идея жастарды масылдық психологиядан арылтып, жеке жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеуді көздейді. Бұл жерде адам тек сырттан берілетін тәрбие нысаны (объектісі) емес, өз өмірі мен қоғамдық өзгерістерді бағыттайтын негізгі бастаушы (субъекті) ретінде қарастырылады.
Басты құндылықтар Мектептің оқу процесі мен қызметі меритократия, ашық диалог, жеке жауапкершілік және жасампаз патриотизм сияқты берік қағидаттарға сүйенеді. Адамның білімі мен нақты ісіне баға беру, қоғамдағы өзекті мәселелерді бүкпесіз талқылау және елге нақты пайда әкелетін жобаларды іске асыру басты назарда болмақ.
Тегін қатысу және іріктеу шарттары Бағдарламаға қатысу толықтай тегін жүргізіледі. Іріктеу барысында үміткерлердің қандай да бір ұйымға ресми мүшелігі талап етілмейді. Негізгі баға қатысушының нақты тәжірибесіне, ынтасы мен идеяларына беріледі.
Оқыту модульдері Оқу курсы бірнеше модульден тұрады. Бағдарлама аясында қатысушылар команда құру, юриспруденция, маркетинг, БАҚ мен сарапшылармен байланыс орнату және тиімді медиа-стратегиялар әзірлеу дағдыларын меңгереді.
Бағдарлама түлектеріне ашылатын мүмкіндіктер
Мектепті сәтті аяқтаған әрбір қатысушы үшін екі негізгі бағыт ашылады:
1. «Әділет» партиясының кадрлық резервіне өтіп, саяси бастамаларға белсене араласу;
2. Өзінің азаматтық жобалары мен әлеуметтік бастамаларын республикалық деңгейге дейін кеңейту.
Республикалық жастар Конвенциясы
Астанада бастау алған бұл ауқымды бастама тамыз айында Алматы қаласында өтетін «Әділетті Қазақстан үшін» атты республикалық жастар Конвентіне ұласады. Ұйымдастырушылар еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық белсенді жастарды, үкіметтік емес ұйымдарды осы шараға қатысып, ел болашағын бірге құруға шақырады