28.07.2026, 17:30

Қазақстан табысы жоғары елдер қатарына жақындады – ЕАДБ сарапшылары

Фото: ЖИ

Бүгінде өңдеуші өнеркәсіпті дамыту Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағытына айналды.

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасын әртараптандырудың нәтижелерін бағалады. Сарапшылардың пікірінше, өңдеуші өнеркәсіптің қарқынды дамуы ел экономикасының тұрақтылығын арттырып, оны шикізат нарығындағы сыртқы конъюнктураға тәуелділіктен біртіндеп арылтып келеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бүгінде өңдеуші өнеркәсіпті дамыту Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағытына айналды. Үкімет елдің заманауи индустриялық негізін қалыптастыруға жүйелі түрде күш салып келеді.

ЕАДБ Салалық талдау орталығының басшысы Арман Ахынбаевтың айтуынша, қуатты өнеркәсіп – «орташа табыс тұзағынан» шығудың басты тетігі.

«Қазақстан табысы жоғары елдер санатына енуге өте жақын. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 13 740 АҚШ долларын құрады. Ал жоғары табысты елдер қатарына өту шегі – 14 375 доллар. ЕАДБ болжамынша, Қазақстан бұл межеге 2028–2029 жылдары жетуі мүмкін. Ендігі негізгі міндет – жоғары әрі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету», – деді Арман Ахынбаев.

Сарапшылардың мәліметінше, әлемдегі инновациялардың жартысына жуығы өңдеуші өнеркәсіпте шоғырланған. Сонымен қатар осы салада ашылған бір жұмыс орны экономиканың сабақтас салаларында тағы 2,2 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның басты артықшылығы – өндірісті нөлден бастау қажеттілігінің жоқтығы. Елде мұнай, металл және астық сияқты шикізатты жай ғана экспорттаудың орнына, оларды терең өңдеп, полимерлер, өнеркәсіптік жабдықтар және қосылған құны жоғары өнімдер шығару үшін қажетті өндірістік база қалыптасқан.

ЕАДБ бағалауынша, табиғи ресурстарды технологиялық капиталға айналдыру Қазақстан экономикасына жыл сайын қосымша 38,4 млрд АҚШ долларына дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Биылғы алғашқы жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіп өндірісі 9,8%-ға артты. Ең жоғары өсім машина жасау саласында тіркелді – 23,2%. Химия өнеркәсібі 19%-ға, азық-түлік өндірісі 14,7%-ға, ал жеңіл өнеркәсіп 89,2%-ға өсті.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның индустриялық әлеуетін нығайтуда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың рөлі ерекше. ЕАДБ мәліметінше, мұндай алаңдардың басты артықшылығы – мемлекет нарыққа тікелей араласпай, бизнеске дайын инфрақұрылым мен ашық әрі түсінікті реттеу тетіктерін ұсынады. Бұл кәсіпкерлердің бастапқы шығындарын азайтып, өндіріс орындарын іске қосу мерзімін бірнеше жылдан бірнеше айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Арман Ахынбаев мұндай тәсілдің нақты нәтижесін Саран қаласындағы арнайы экономикалық аймақ мысалында түсіндірді.

«Сарандағы шина және автобус өндірісінің айналасында автокомпоненттер шығаратын шағын және орта бизнес кәсіпорындары қалыптасып келеді. Осындай үдеріс Атырауда мұнай-химия саласында да байқалады. Бір ірі кәсіпорынның іске қосылуы оның айналасына басқа да өндірістердің шоғырлануына ықпал етеді. Сонымен қатар қазіргі таңда жеңілдіктер өндірістің технологиялық деңгейі мен өңдеу тереңдігіне қарай беріледі. Бұл тек қарапайым құрастырумен айналысатын жобаларды іріктеп, жоғары технологиялық өндірістерге басымдық беруге мүмкіндік береді», – деді ол.

Нәтижесінде дайын өнеркәсіптік алаңдар өңірлік экономиканың маңызды драйверіне айналып отыр. Сарапшылардың есебінше, бюджеттен салынған әрбір 1 теңге жеке сектордан 4–5 теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл өңірлерде жаңа өндіріс орындарының ашылуына және Қазақстанның жаһандық өндірістік инвестициялар үшін бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар сарапшылар инфрақұрылым мен салықтық жеңілдіктердің тиімділігі елдегі жалпы инвестициялық ахуалға тікелей байланысты екенін атап өтті.

Ресейлік экономикалық сарапшы Денис Миролюбовтың пікірінше, арнайы экономикалық аймақтар инвесторлар үшін маңызды құрал болғанымен, олар инвестиция тартудың жалғыз факторы емес.

«Инвесторлар дайын инфрақұрылыммен қатар, заңнаманың тұрақтылығына, білікті кадрлардың қолжетімділігіне, ішкі нарықтың көлеміне және экономикалық саясаттың болжамдылығына да мән береді. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі тек жеңілдіктерге ғана емес, жалпы инвестициялық климатқа байланысты. Бұл тұрғыда Қазақстанның қазіргі инвестициялық ахуалы өте тартымды», – деді Денис Миролюбов.

Сарапшылардың пікірінше, өнеркәсіптік саясаттың түпкі мақсаты – өндіріс көлемін арттыру ғана емес, әлемдік шикізат бағасына тәуелсіз, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру. Сондықтан Қазақстан бүгінде терең өңдеуді дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және жаңа өндірістерге инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп отыр.