29.07.2026, 09:30

Қазақстанда несие алу талаптары қатаңдайды: банк реформасы қарыз алушыларға қалай әсер етеді?

Фото: egemen.kz

Елімізде 2027 жылдан бастап тұтынушылық несие беру талаптары түбегейлі өзгеріп, банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыларды тексеруді еселеп күшейтеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа тәуекелге бағдарланған қадағалау үлгісін бекітті. Бұл жүйе қаржылық өнімдерді олардың әзірлену кезеңінен бастап нарықтан алынғанға дейін кешенді бақылауды қарастырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Формальды тексерістен шынайы жауапкершілікке

Осы уақытқа дейін қаржы ұйымдары үшін басты көрсеткіш берілген несиенің көлемі мен түскен пайда болып келді. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі, банктер енді азаматтарға қаржылық өнім ұсыну тәсілін өзгертуге міндеттеледі. Бұдан бұлай реттеуші орган банктің тек заң талаптарын сақтауын ғана емес, ұсынылып отырған өнімнің тұтынушы мүддесіне қаншалықты сай екенін де бақылайды.

Банктер енді өнімді ойлап тапқаннан бастап, оны ұсынуды тоқтатқанға дейінгі барлық кезеңде клиент алдында жауап береді. Тұтынушыға өзінің қаржылық жағдайына сәйкес келмейтін, тым жоғары қатері бар өнімді таңнуға жол берілмейді.

Қаржылық омбудсмен өкілеттігінің кеңеюі

Реформаның тағы бір бағыты, қаржылық омбудсмен институтының өкілеттігін кеңейту. Бұған дейін омбудсмен шешімдері ұсыныс сипатында қалып келсе, енді оның шешімдері банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер үшін орындалуы міндетті болады.

Азаматтар сотқа жүгінбей-ақ, өз құқықтарын омбудсмен арқылы қорғай алады. Омбудсмен жинаған мәліметтер жүйелі заңбұзушылықтарды анықтауға және реттеушінің дер кезінде тиісті шара қолдануына мүмкіндік береді.

Қарыз алушыларға қойылатын талаптар

Заңнамадағы өзгерістер қарыз алушыларға да белгілі бір шектеулер қояды. Кепілсіз несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендетілді. Сол сияқты, кепілсіз қарыздың шекті сомасы 9,5 миллион теңге, ал мерзімі 5 жыл болып бекітілді.

Банктерде 30 күннен астам мерзім кешіктірілген берешегі бар азаматтарға жаңа несие берілмейді. Ал микроқаржы саласында тіпті 1 күндік кешіктірудің өзі бөгет болады. Тәуекелі жоғары, кепілсіз несиелер бойынша банктердің капиталға түсетін жүктемесі 150 пайыздан 350 пайызға дейін өсті. Бұл банктердің күмәнді қарыздарды беруге деген қызығушылығын төмендетеді.

Берешекті реттеудегі көрсеткіштер

Берешекті коллекторларға беруге енгізілген шектеуден кейін коллекторлар қолындағы қарыз алушылар саны 877 мыңнан 341 мыңға дейін, яғни 61 пайызға қысқарды.

Тек 2025 жылдың өзінде 814,3 миллиард теңгенің проблемалық қарызы реттеліп, оның 73,8 миллиард теңгесі толығымен кешірілді. Сонымен қатар 2026 жылдың шілдесінен бастап іске қосылған бір терезе қағидасындағы цифрлық платформа азаматтарға бір мезетте бірнеше несие берушімен келіссөз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

2027 жылдан бастап борыштық жүктеме коэффициенті мен макропруденциалдық шектеулер толық күшіне енеді. Жаңа ережелер несие беру процесін жауапты етуге, тұтынушыларды қорғауды арттыруға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.