30.07.2026, 09:30

Екінші деңгейдегі банктер экономикаға емес, халықты қарызға батыруға жұмыс істеп жатыр: рекордтық пайданың артында не жатыр?

Фото: spot.uz

Соңғы жылдары Қазақстанның банктік жүйесі сырт көзге өте қарқынды, әрі бекем дамып келе жатқандай әсер қалдырады.

Банктер тоқсан сайын миллиардтаған, тіпті триллиондаған таза пайда тапқанын айтып, есеп береді. Алайда, осы рекордтық табыстың артында ел экономикасы үшін өте қауіпті үрдіс жатыр: банктер өздерінің басты міндеті — өндіріс пен бизнесті қаржыландыруды ысырып тастап, халыққа кепілсіз тұтынушылық несие таратумен ғана айналысатын қаржылық ломбардқа айналып барады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кез келген дамыған елде банктік сектор — экономиканың тамырына қан жүгіртетін басты жүйе. Банктер бос жатқан қаражатты жинақтап, оны өндіріске, жаңа зауыттар ашуға, инфрақұрылымға және бизнеске қаржылай демеу ретінде бағыттауы тиіс. Ал біздегі жағдай мүлде өзгеше. Банктер үшін шағын және орта бизнеске немесе ұзақ мерзімді өндірістік жобаларға ақша берудің тәуекелі жоғары. Оның үстіне бизнесті тексеру, кепілзатын бағалау процестері өте күрделі. Керісінше, қарапайым халыққа смартфоннан бастап, азық-түлікке дейін жоғары пайызбен кепілсіз несие немесе бөліп төлеу ұсыну әлдеқайда тиімді. Себебі бұл — қысқа мерзімде тез қайтатын әрі үлкен пайда әкелетін оңай ақша. Нәтижесінде, банктер есебін толтырып жатқанда, қарапайым халықтың мойнындағы қарыз жүктемесі жылдан-жылға ауырлап барады.

Қазіргі таңда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары деңгейде ұсталып отыр. Оның ресми себебі — бағаның өсуін ауыздықтау. Дегенмен, бұл саясат банктер үшін таптырмас табыс көзіне айналды. Банктер халықтан немесе мемлекеттен арзан ақшаны алып, оны Ұлттық банктің бағалы қағаздарына салып қояды. Тәуекел жоқ, ал түсетін пайызы кепілді. Мұндай жеңіл жол тұрғанда, қай банк тәуекелге барып, қазақстандық өндірісті дамытуға несие береді? Өндіріске ақша құйылмаған соң, отандық тауар көбеймейді, ал отандық тауар болмаған соң, инфляция да тоқтамайды.

Қазіргі банктік нарық бірнеше ірі гиганттың қолына шоғырланған. Мұның сандық технологиялар тұрғысынан қолайлы тұстары көп екені өтірік емес: қосымшалар жылдам, төлемдер ыңғайлы. Десек те, бұл процестің екінші жағы бар. Банктер енді тек қаржылық мекеме болып қана қоймай, такси, азық-түлік жеткізу, сауда алаңдары, ұшақ билетін сату сияқты бүкіл саланы қамтитын монополияға айналды. Тұтынушы белгілі бір банк жүйесіне байланып қалады. Ал бәсеке болмаған жерде қызмет ақысының өсуі, сервистің нашарлауы және пайыздық мөлшерлемелерді монополистердің өздері билеп-төстеуі сияқты мәселелер шығады. Шағын банктер мен жаңа қаржылық институттарға бұл нарыққа кіру мүмкін болмай қалды.

Банктердің бұл әрекеті өз тұрғысынан логикалық түрде дұрыс шығар — кез келген бизнес сияқты олар да аз тәуекелмен көп пайда тапқысы келеді. Алайда, бұл жерде мемлекеттік реттеу мен қаржылық саясаттың әлсіздігі көрініп тұр.

Банктік жүйе халықты қарызға батыратын тығырыққа айналмас үшін нақты қадамдар ауадай қажет. Ең алдымен, адамдардың табысына сәйкес келмейтін, өмір сүру деңгейін төмендететін несиелерді шектеу керек. Екіншіден, нақты секторға, отандық өндіріске несие беретін банктерге салықтық жеңілдіктер жасап, ал тек тұтынушылық несиемен айналысатындарға талапты күшейткен абзал. Сонымен бірге, сырттан сапалы шетелдік банктерді кіргізу арқылы ішкі монополистерді бағаны түсіруге және шарттарды жақсартуға мәжбүрлеу қажет.

Банктердің миллиардтаған табысы — бүкіл ел экономикасының дамып жатқанының белгісі емес. Керісінше, бұл — нақты өндірістің тұралап, халықтың болашақ табысын бүгіннен бастап кепілге қойып жатқанының көрінісі. Банктік жүйе экономиканың дамуына қызмет етпейінше, елдегі шынайы экономикалық өсім туралы айту ерте.