$ 477.17  543.26  6.01

«Туды қорлады»: Блогер Бота Миа өзін жаппай сынағандарға жауап берді

"Менің бар ойым – еліміздің атынан сыйлығымызды табыстау еді". 

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Әлеуметтік желілерде ат үстіндегі баланың иығына Қырғызстанның туы жабылып, ал атқа Қазақстан рәміздеріне ұқсас элементтері бар жабу жабылған бейнежазба қызу талқыға түсті. Көпшілік бұл көрініске қатысты түрлі пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Осы жағдайдан кейін блогер Бота Миа арнайы үндеу жасап, видеоның ешқандай арандатушылық мақсатта түсірілмегенін айтты.

Оның сөзінше, бейнежазбадағы басты мақсат – халықаралық жарыста Қазақстанның намысын қорғап, жүлделі үшінші орын алған жас шабандозды құттықтап, оған сый-құрмет көрсету болған.

«Бұл – Қазақстанның атынан жарысқа қатысып, үшінші орын алған кішкентай шабандоз. Менің бар ойым – еліміздің атынан сыйлығымызды табыстау еді. Егер бұл әрекетім біреуді ренжіткен болса, кешірім сұраймын», – деді блогер.

Бота Миа кейіннен мәселе бойынша заңгерлердің пікіріне де жүгінгенін айтты. Оның түсіндіруінше, атқа жабылған бұйым Мемлекеттік Ту емес, дүкенде еркін сатылатын ат әбзеліне арналған жабу.

Сондай-ақ оның бетінде Мемлекеттік Тудың толық бейнесі қолданылмаған. Онда тек күн мен қыран бейнелері бар, ал ұлттық ою-өрнек пен басқа да міндетті элементтер толық көрсетілмеген.

Блогердің айтуынша, заңгерлер мұндай жағдайда мемлекеттік рәміздерді қорлау немесе заңсыз пайдалану фактісі жоқ екенін түсіндірген. Өйткені заң бойынша Мемлекеттік Тудың толық бейнесі қолданылмаған жағдайда бұл құқық бұзушылық ретінде қарастырылмайды.

Соған қарамастан, Бота Миа қоғамда түсініспеушілік туындағанын ескеріп, көпшіліктен кешірім сұрап, дау тудырған бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасынан алып тастағанын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 0