$ 469.93  541.64  5.71

«Әділет» өкілі қазақстандықтардың ұсыныстары сайлауалды бағдарламаға қалай енгенін айтып берді

Фото: Әділет партиясы
Фото: Әділет партиясы

«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында адами капиталды, ғылым мен білімді дамытудың не себепті негізгі бағыттардың біріне айналғанын айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, партия бағдарламасы Президенттің реформалар бағытын жалғастырып, жаңа Конституция қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Бұл туралы «Әділет» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қарабасованың атап өтуінше, Қазақстанда қабылданған жаңа Конституцияда адами капитал, ғылым, білім және инновациялар алғаш рет ел дамуының стратегиялық бағыттары қатарында бекітілді. Сондықтан партия бұл салаларда қол жеткізілген оң нәтижелерді сақтап, олардың одан әрі дамуына жағдай жасауды маңызды деп санайды.

«Ғылым мен білім әрі қарай да өзінің оң өзгерістерін сақтау үшін, жаңа дәуірге аяқ басу үшін, білім экономикасына көшу үшін, ғылым-білім саясатын жасау үшін партия мүшелігінде ғалымдардың да, білім саласындағы эксперттердің де болғаны маңызды. Мен өзімнің саламның, біріншіден, өңірлік жоғары оқу орнының, өңірлік ғылымның, сонымен қатар еліміздегі жалпы ғылыми қауымдастықтың мүддесін білдіре отырып, солардың ұсыныстарын ескере отырып, мен де өзімнің үлесімді қосқым келеді», – дейді Лаура Қарабасова.

Ол партияның сайлауалды бағдарламасында адамның басты орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Адами капиталға басымдық» бөлімі тек білім беруді ғана емес, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ өмір бойы үздіксіз білім алу мүмкіндіктерін де қамтиды.

«Біздің партиямыздың өзегі – адами капитал, партияның сайлауалды бағдарламасының негізі деп айтуға болады. Өйткені адамның дүниеге келгеннен бастап қарттық шаққа дейінгі өмірінің мәнді өтуі, барлық құқығының қорғалуы, адамның қадір-қасиеті және ең бастысы, әл-ауқатының жақсаруы – біздің партияның бағдарламасының негізі. Біз адами капиталды тек білім берумен шектемейміз. Бұл жерде сапалы медициналық көмек, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әлеуметтік көмектің түрлі мүмкіндіктері», – дейді Лаура Қарабасова.

Құрылтайдағы ықтимал жұмысы туралы айта келе, Қарабасова өңірлік ғылым мен жоғары білімді дамытуға, сондай-ақ жастар саясаты мәселелеріне ерекше назар аудармақ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, университет басқару тәжірибесі және Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы президиумындағы жұмысы ғылыми қауымдастықтың мәселелерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.

«Біздің партия жалпы ғылыми дәйектерді, сараптаманы негізге алды. Партияның бағдарламасы қалыптасқан кезде түрлі әдістер мен түрлі саладан мәлімет жиналды. Ең алғашқысы – QR-код арқылы. Сол арқылы еліміздің кез келген азаматы өзінің ұсынысын, басқа да көтеретін мәселелерін бізге тікелей, ешқандай кедергісіз партияға жіберді. Жалпы әрбір азаматтың үні, әрбір азаматтың ұсынысы ғылыми сараптамамен, дәйектемемен толықтырылу арқылы нақты бір бағдарламаның бағыттарына айналды. Сонымен қатар, біздің бағдарламаның он басым бағыты, жеті негізгі мақсаты бар», – дейді ол.

Кандидат «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының әзірлену барысына да тоқталды. Оның айтуынша, құжат азаматтардың ұсыныстары, сарапшылармен өткізілген стратегиялық сессиялар және социологиялық зерттеулердің нәтижелері негізінде қалыптастырылған.

Қарабасованың айтуынша, партия құрылған алғашқы күннен бастап жұмысты цифрлық форматта жүргізуге басымдық берген. Азаматтар QR-код арқылы өз ұсыныстарын жолдап, арнайы топ жиі көтерілген мәселелерді талдап, оларды партия бағдарламасына енгізген.

Оның айтуынша, бағдарламаны әзірлеу кезінде Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер басшылыққа алынып, көптеген бастама реформаларды және жаңа Конституцияда бекітілген мақсаттарды іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған.

Бағдарламада жастарға да ерекше көңіл бөлінген. Қарабасова жастардың Қазақстанда қалуы үшін сапалы білім алуға, кәсіби өсуге және ел ішінде өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік жасау қажет деп санайды. Осы мақсатта мамандығын ауыстырғысы келетін немесе алған дипломына сай жұмыс істемейтін азаматтарға екінші жұмысшы мамандығын тегін алу мүмкіндігін ұсыну, сондай-ақ 2031 жылға дейін колледждердің кемінде 45 пайызын дуалды оқыту жүйесіне көшіру көзделген.

Кандидаттың айтуынша, партия өкілдері өңірлерге сапарлары барысында жастармен, еңбек ұжымдарымен және моноқала тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныстарын бағдарламаны жүзеге асыру барысында ескеруге тырысады.

«Біздің партиямыздың бетке ұстайтын, алға қойған үлкен құндылықтарының бірі – бұл еңбекке деген құрмет, еңбекті адал төлеу, жұмысшы мамандықтарды құрметтеу, жасампаз патриотизм, әділдік, заң мен тәртіп және жауапкершілік. Ол тек қана еңбек жағдайларын, жұмыстағы, өндірістегі апаттық жағдайлардың алдын алумен шектелмейді. Ол әлеуметтік қорғау, отбасына көрсетілетін көмек, медициналық көмектің сапасы және еңбек адамдарының балаларына сапалы, тиісті білімге қолжетімділік. Осы мәселелер қойылған», – дейді депутаттыққа кандидат.

Сондай-ақ, ол саясаткерлердің жұмысына баға беруде басты өлшем нақты нәтиже болуы тиіс екенін айтты. Осыған байланысты партия бағдарламасында орындалуын қоғам бағалай алатын өлшенетін көрсеткіштер қарастырылған.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0