09.08.2026, 20:30

«Ақ көңіл, таза жан»: Тоқаевтың ерекше сәйгүлігі көпшілікті тәнті етті (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Мамандар Ақжанның тек сыртқы сымбатына ғана емес, алғырлығына да жоғары баға берген.

Танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым Мемлекет басшысының атқорасындағы Ақжан есімді сәйгүліктің әсерлі видеосын жариялады,деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Блогер Instagram парақшасында бөліскен бейне қысқа уақыт ішінде 500 мыңнан астам қаралым жинап, желі қолданушыларынан мыңдаған жылы пікірге ие болды. Көпшілік ақалтеке тұқымына жататын Ақжанның ерекше сымбатына тәнті болған.

Дастан Мұхамедрахымның айтуынша, оған Ақжанды қазақ даласында алғашқылардың бірі болып видеоға түсіруге мүмкіндік берілген.

Ақжанның ерекше көркі бұған дейін де шетелдік басылымдардың назарын аударған. Кейбір БАҚ өкілдері оны Астананың мәдени символдарының бірі ретінде атаған.

Еске салайық, мамыр айының басында Мемлекет басшысы өз жылқыларының суреттерін әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Сол кезде желі қолданушыларының ерекше назарын Ақжанның сирек кездесетін түсі аударды.

Мамандардың мәліметінше, мұндай түстің ақалтеке тұқымындағы жылқылардың шамамен 3 пайызында ғана кездесуі мүмкін. Сәйгүлікке «Ақжан» деген атты Қасым-Жомарт Тоқаев қойған. Қазақ тіліндегі бұл атау «ақ көңіл, таза жан» деген мағынаны білдіреді.

Мамандар Ақжанның тек сыртқы сымбатына ғана емес, алғырлығына да жоғары баға берген.