10.08.2026, 07:30

10 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде +44°C ыстық болады

Фото: Ulysmedia.kz

Республика аумағында жел күшейеді.

«Қазгидромет» 10 тамызға Қазақстан бойынша ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Синоптиктердің мәліметінше, дүйсенбі күні елдің басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын қатты болып, кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал.

Республика аумағында жел күшейеді. Солтүстік өңірлерде күндіз шаңды дауыл соғуы мүмкін. Солтүстік және солтүстік-шығыс облыстарда түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.

Сонымен қатар бірқатар өңірде аптап ыстық сақталады. Атырау облысында, Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде, Ұлытау облысында және Қостанай облысының оңтүстігінде ауа температурасы +40...+41°C-қа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында күн одан да ысып, +43...+44°C-қа жетеді.

Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Қарағанды, Абай облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде +35...+38°C шамасында ыстық ауа райы күтіледі.

Жамбыл облысында күндіз ауа температурасы +38...+40°C болса, Түркістан және Қызылорда облыстарында +40...+43°C-қа дейін көтеріледі.

Бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай, Маңғыстау облыстарының кейбір аумақтарында, сондай-ақ Ұлытау облысында өрт шығу қаупі жоғары болады.

Ал Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының бірқатар бөлігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы және Жетісу облыстарының кей аумақтарында өрт қаупі төтенше деңгейге дейін жетеді.