09.08.2026, 23:30

13 жастағы баланың өлімі: Маңғыстауда балалар ауруханасының директоры қызметінен алынды

Фото: Egemen Qazaqstan

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Маңғыстауда сәуір айында қайтыс болған 13 жастағы баланың өлімінен кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген жоспардан тыс тексеру мен жергілікті атқарушы органдар құрған комиссияның қорытындысы бойынша Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы және Ақтау қаласындағы №2 қалалық емханада медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсету барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталған.

Тексеру нәтижесінде облыстық балалар ауруханасының басшысы атқаратын қызметінен босатылды.

Медициналық көмек көрсетуге қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданған.

«Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша жағдайды бақылауды жалғастырамыз. Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес, нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді», – деп жазды министр.

Ақмарал Әлназарова қайтыс болған баланың анасын жеке қабылдайтынын да айтты. Оның сөзінше, бұл отбасы үшін орны толмас қайғы. Министр кінәлі тұлғалар заң аясында тиісті жазасын алатынын атап өтті.

Бұған дейін Lada.kz басылымына Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова 13 жастағы ұлының дәрігерлердің қателігінен қайтыс болғанын айтқан еді. Оның сөзінше, 17 қаңтарда баласының іші ауырып, бірнеше күн бойы дене қызуы көтерілген. Алайда медициналық мекемеге бірнеше рет барғанына қарамастан, дәрігерлер баланы үйіне қайтарған.

Баланың жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана оған ота жасалған. Операция кезінде дәрігерлер аппендикспен бірге ішектің бір бөлігін де алып тастаған.

19 ақпанда бала санитариялық авиация арқылы Алматыға жеткізілді. Алайда сәуір айында ол қайтыс болды.