Оңтүстік Қазақстан облысында жол патрульдік полициясының қызметтік көлігі апатқа ұшырады. Оқиға түнгі сағат 10 шамасында, Ордабасы ауданына қарасты, Бадам ауылы маңында болған. Ауыр жол апаты салдарынан полицейлердің қызметтік көлігінің тас-талқаны шыққан. Темір тұлпарда болған үш тәртіп сақшысы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Оның біреуі жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан.
– Түскен науқастың үшеуі де ауруханаға жатқызылды. Оның екеуі бас мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы диагнозымен жатқызылды. Біреуі кеуденің жабық жарақаты, қабырғаның жабық сынуы жарақатымен жатқызылды. Қазіргі таңда науқастар ем қабылдауда, жағдайлары орташа қалыпта, – дейді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов.
Қазір жол апатына қатысты тиісті тексеру жұмыстары басталып кетті. Сондықтан ішкі істер департаментінің өкілдері анықтау қорытындысын жариялауды кейінге қалдырды.