Имамның айтуынша, қарияның әрекеті заң аясында бағалануы тиіс.
Танымал имам тойда уағыз айтып, кейін жауапкершілікке тартылған қарияны жақтап шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Имамның айтуынша, қарияның әрекеті заң аясында бағалануы тиіс. Ол қарияның сөздерінің астарында белгілі бір мән бар екенін айтып, оны жаппай сынауға қарсылық білдірді.
«Мына кісі сол ісі үшін заңның алдында жауап беріп жатыр ғой. Заң бар ғой бізде. Заң бәріне ортақ. Бәлкім кешірер, бәлкім соттар, бәлкім уақыт берер. Мына интернетте бекерге шуылдап жатқандарға айтамын. Мейлі, дінді түсінбейтін кісілерді қоя тұрайық. Уағыз айтып жүрген кісілер отырып алып "қарияныкі дұрыс емес" деп отыр. Дұрыс! Айтатын нәрсесі айтылатын жерде айтылмады, айтылатын уақытта айтылмады, айтылатын сөздер қолданылмады. Адамдар көтере алмайтын сөздер айтты. Шариғатты білетін кісілер неге екінші жағын да айтпайсыздар, ол кісінің сөзінің жаны бар екенін? Алланың алдына барғанда бәрібір жауап береміз ғой. Адамға жағамыз деп Алланың ашуына тиетін заттар жасап қойып жатқан жоқпыз ба? Шынымен іш киімін лақтырып, адамдар тойда беймарал жүр. Мына кісіні сонша жерден алып жерге салғандары мұсылмандардың арасында қалай жарасады екен?» – деді имам.
Алайда оның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қолдау таппай, керісінше сынға ұшырады.
«Мынаны да қосып соттау керек», «Егер сол тойда менің анам, әпке-қарындастарым отырған болса, үлкен кісі болмақ түгілі, өз атам болса да, оның бұлай айтқанына қарсы шығар едім», «Шариғат деп қоймадың ғой сен де», – деп жазды желі қолданушылары.