$ 466.08  538.56  5.65

ҚМДБ 2027 жылғы қажылық орындарды алуға байқау жариялады

Сонымен қатар конкурсқа қатысушы соңғы 12 ай ішінде ұмра сапарларын тұрақты түрде ұйымдастырғанын құжат жүзінде растауы тиіс.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыруға ниетті туристік операторлар арасында конкурс жариялады, деп хабарлайды 24KZ.

Конкурс қажылық және ұмра бағытында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету және қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өткізіледі.

Конкурсқа қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

«Қажылық-2027» маусымына дайындық деңгейі мен нақты игере алатын қажылық орындарының санын көрсете отырып, ҚМДБ-ға өтініш хат жолдау; ҚР заңнамасына сәйкес туроператорлық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияның және «Туристік қызмет туралы» заңның 27-3-бабының 1-тармағына сәйкес тиісті қосымшасының болуы; салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқ екенін растайтын құжат ұсыну; қажылықты ұйымдастыру бойынша кемінде бес жылдық тұрақты әрі оң тәжірибені растайтын құжаттардың болуы; Қазақстан заңнамасын және Сауд Арабиясы Корольдігі тарапынан қажылыққа қойылған талаптарды бұзбау; әрбір туроператор үшін белгіленген кемінде 1000 қажылық орны көлеміндегі квота талабына сай болу.

Сонымен қатар конкурсқа қатысушы соңғы 12 ай ішінде ұмра сапарларын тұрақты түрде ұйымдастырғанын құжат жүзінде растауы тиіс.

Бұл ретте туроператордың Сауд Арабиясының уәкілетті ұйымдарымен немесе олардың ресми серіктестерімен қолданыстағы келісімшарттары болуы қажет. Сондай-ақ соңғы бір жылдағы ұмра сапарларын ұйымдастыру тәжірибесін, қажыларды орналастыру, тасымалдау, виза рәсімдеу, гид қызметі және басқа да қызметтердің көрсетілгенін растайтын құжаттар ұсынылуы керек.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін тұрақты кеңсесі болуы міндетті. Оның мекенжайы мен ғимаратты жалға алу немесе иелену құқығын растайтын құжаттар қоса беріледі. Аталған құжаттар 2026 жылғы 11 тамыздан бастап hajj@muftyat.kz поштасы арқылы 2026 жылғы 21 тамызға дейін қабылданады. Көрсетілген мерзім аралығында құжаттарын тапсырмаған туристік оператордың ұсыныстары қаралмайды, делінген хабарламада.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#Қажылық