13.08.2026, 10:20

Аңшылық мылтықпен екі рет атқан: Қостанай тұрғыны 14 жылға сотталды

Фото: Азаттық рухы

Қылмыс жасағаннан кейін ер адам оқиға орнынан кетіп қалған.

Қостанайда қызғаныштан бұрынғы әйелін өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының анықтауынша, 2026 жылғы наурызда сотталушы С. бұрынғы жұбайын өлтіру мақсатымен оның үйіне барған. Ол аңшылық карабиннен әйелдің басы мен кеуде тұсына екі рет оқ атқан. Алған жарақаттарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыс жасағаннан кейін ер адам оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін өз еркімен полицияға барып, кінәсін мойындап, арыз жазған.

Мемлекеттік айыптаушы соттан оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап сотталушыға барынша қатаң жаза беруді талап етті.

Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындады.