Қылмыстық іс материалдары 6-тамыз күні сотқа жолданған.
Астанада қасбеттің құлауынан фельдшер Ұлдана Мырзуанның көз жұмуына қатысты қылмыстық іс сотқа түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Ішкі істер министрлігінің редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында Астана Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтағанын хабарлады.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы 1-бөлігі «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша жүргізілген.
Қылмыстық іс материалдары 6-тамыз күні сотқа жолданған.
Елордалық соттың баспасөз қызметі іс материалдары түскенін, алайда алдын ала тыңдалым күні әлі белгіленбегенін айтты.
Ал Астана қалалық сотының баспасөз қызметі сот отырысының өтетін күні әлі белгіленбегенін хабарлады.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың 8 қарашасында Ұлдана Мырзуан шақырту кезінде ауыр жарақат алған еді. Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінен кірпіш қаптамасы құлаған сәтте 23 жастағы маман құлау қаупі жоғары аймақтан 2 адамды аман алып қалған. Алайда келесі тұрғынға көмектесуге ұмтылған кезде оның үстіне ауыр кондиционер құлап, жас фельдшер басынан зақым алды.
Дәрігерлер оның өмірі үшін 10 күн бойы күрескеніне қарамастан, ол 18 қараша күні ауруханада қайтыс болды. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі үшін өлімінен кейін мемлекеттік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.