Threads әлеуметтік желісінде абоненттердің шағымдары көбейген.
Қазақстандықтар Beeline қызметіндегі ақауларға шағымданып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары үй интернетінің жұмыс істемейтінін, сондай-ақ оператордың мобильді қосымшасы мен байланыс орталығы қолжетімсіз екенін жазуда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Threads әлеуметтік желісінде абоненттердің шағымдары көбейген. Кейбір қолданушылар интернет бірнеше күннен бері жұмыс істемей тұрғанын айтады.
«Жұмадан бері интернет жоқ. Байланыс орталығы қолжетімсіз. Төрт күн бойы интернеттің жұмыс істемеген уақытын өтейсіздер ме?» – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір абонент үй интернеті істемейтінін, мобильді қосымша мен байланыс орталығы да қолжетімсіз екенін хабарлаған.
Beeline Қазақстан бұған дейін 15, 16 және 17 тамызда жүйелерді жаңарту жұмыстары жүргізілетінін ескерткен. Компания мұны желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және сервисті жақсарту үшін жүргізілетін стандартты процесс деп түсіндірген.
Жаңарту кезінде бірқатар қызметке уақытша шектеу енгізілген. Атап айтқанда, мобильді баланстан төлем жасау, кеңселердегі бірқатар қызметтер мен қолдау қызметінің жұмысы уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін екені хабарланған. Компанияның ресми сайтында жүйелерді жаңарту жұмыстары 17 тамызда да жүргізіліп жатқаны көрсетілген.
Еске салайық, 14 тамызда Алматыда электр энергиясының жаппай өшуінен кейін Beeline және басқа байланыс операторларының жұмысында да қиындықтар туындаған еді.