Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркелген.
Жамбыл облысында жергілікті тұрғынның өзіне қол жұмсауына байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркелген.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде әйелдің өліміне күйеуінің соққысы себеп болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Желіде жарияланған хат алмасу скриншоттарында марқұмның қайтыс болар алдында құрбысына күйеуі оны «Барни» бисквиті үшін ұрғанын айтып шағымданғаны көрсетілген.
Оқиғаға қатысты Жамбыл облысының Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады. Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, тараптардың барлық уәжі тексеріліп, жиналған деректер жан-жақты зерделенуде. Тергеу үшін маңызы бар әрбір фактіге тиісті құқықтық баға беріледі.
Қылмыстық істің тергелуі Жамбыл облысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауына алынған.
Сонымен қатар полиция азаматтарды тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға және ресми расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.
Бұған дейін марқұм Мадинаның туыстары да жағдайға қатысты түсініктеме берген еді.