18.08.2026, 16:00

Қазақстандық екі әуе компаниясы Дубайға рейстерін тоқтатуды ұзартты

Фото: depositphotos.com

Әуе компаниялары бұл шешімді Парсы шығанағы аймағындағы тұрақсыз ахуалмен байланыстырды.

Қазақстандық екі әуе компаниясы Дубайға рейстердің тоқтатылу мерзімін ұзартты. Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Әмірліктердің ірі қаласына 30 қыркүйекке дейін қатынамайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға орындалатын рейстерін қазан айына дейін тоқтатса, FlyArystan Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша ұшуды 1 қазанға дейін тоқтатты.

Әуе компаниялары бұл шешімді Парсы шығанағы аймағындағы тұрақсыз ахуалмен байланыстырды.

«Қазан айында аталған бағыттар бойынша ұшу кестесіне өзгерістер енгізіліп, рейстер жиілігі қысқартылды», – деп хабарлады Air Astana.

Сонымен қатар жолаушылар үшін билеттерді қайта рәсімдеу және қаражатты қайтару тәртібі қарастырылған.

Air Astana жолаушылары билеттерін 20 қарашаға дейінгі рейстерге қосымша ақысыз қайта рәсімдей алады. Сондай-ақ билетті сатып алған жерден оның толық құнын қайтаруға немесе тариф айырмасын төлеп, Air Astana-ның басқа халықаралық бағыттарына ауыстыруға мүмкіндік бар.

Ал FlyArystan рейстері тоқтатылған жолаушыларға кейінгі рейстерге қайта брондау немесе билетті сатып алған жері бойынша айыппұлсыз толық қайтару мүмкіндігін ұсынады.

Ақтау – Дубай бағытындағы билеттер 3 қазаннан бастап қысқы ұшу кестесі аясында қайта сатылымға шығарылады. Әуе қатынасына қатысты өзгерістер енгізілген жағдайда компаниялар қосымша ақпарат жариялайтынын мәлімдеді.