18.08.2026, 16:20

Астанада Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сот басталды

Фото: Instagram / rustemova_aliya

Сот отырысына Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел де келді.

Астанада қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қылмыстық істегі сотталушы Сәуле Жұбаниязова тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы. Жұбаниязова қылмыстық кодекстің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша айыпталып отыр.

Марқұмның анасының адвокаты күдіктілер кешірім сұрап келмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ сотталушыдан қандай да бір өтемақы сұрау туралы нақты шешім қабылдамағанын айтты.

Сот отырысына Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел де келді. Ол журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты. БАҚ өкілдерін сот залына кіргізбеді. Сот залында марқұмның туыстары мен басқа да тыңдаушылар отыр.

Еске сала кетейік, 8 қарашада Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлап, көмекке келген екі фельдшердің басына кондиционер түскен. Олардың бірі – Ұлдана Қалдырханқызы 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.