"Қазгидромет" РМК мамандарының мәліметінше, күндіз республиканың бес өңірінде қатты ыстық болады.
Синоптиктер 2026 жылғы 19 тамыз, сәрсенбі күні Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарына болжам жасады. Елде қайтадан +40°С-қа дейінгі аптап ыстық болады. Дегенмен жаңбыр да жауады, деп хабарлайды sn.kz ақпарат порталы.
"Қазгидромет" РМК мамандарының мәліметінше, күндіз республиканың бес өңірінде қатты ыстық болады:
"Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Найзағай ойнап, жаңбыр жауады, бұршақ түсуі және екпінді жел соғуы мүмкін. Елдің солтүстігінде нөсер жаңбыр жауады. Республика бойынша жел күшейеді. Түнгі және таңертеңгі уақытта солтүстікте, шығыста тұман түседі", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Жауын-шашынсыз ауа райы тек республиканың батысында және Қызылорда облысында болжанады.
Сонымен қатар Қазақстанның бірқатар өңірінде өрт қаупі сақталады.