19.08.2026, 11:00

«Ұят болады» деген сөз жүрмейді»: Имам Меркідегі әйел өліміне қатысты пікір білдірді (ФОТО)

коллаж: Sn.kz

Имам өз ойын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.

Қазақстандық танымал имам Талғат Әлиев Меркіде қайтыс болған әйелге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Имам өз ойын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Ол қыздарын ұзатқан ата-аналарға олардың әрдайым қайтып келіп, қорғаныш таба алатын үйі бар екенін сезіндіру маңызды екенін айтты.

«Қыздарыңызды ұзатқанда, оның артынан ата-анасының үйінің есігін жауып қоймаңыздар. «Не болса да, шыда» деп айтпаңыздар. Ол әрдайым қайтып келетін, өзін тыңдайтын әрі қорғайтын жері бар екенін білуі керек. Мұндай жағдайда «ұят болады» деген сөз енді жүрмейді. Ал әйел адамға қол көтеретін еркектер туралы менде шынымен сөз жоқ. Бұл — адамның өзін ең төмен дәрежеге түсіруі. Оларда еркектік те, намыс та, адамдық та жоқ. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деді ол.

Имамның бұл пікірі желі қолданушыларының да қолдауына ие болды. Көпшілік оның айтқан ойымен келісетінін жазған.