Q.I.Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi «Батыс» кенішіндегі №67 шахтаның төртінші учаскесіне жаңа Sandvik DS511 бұрғылау техникасы жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Машина анкерлік бекітпені орнату және бекіткіш торды монтаждау кезінде теспені механикаландырылған әдіспен бұрғылау үшін қолданылады. Жаңа техника учаскеде бұрын пайдаланылған бұрғылау қондырғысын алмастырып, Қазақмыстың талабына сай қосымша мүмкіндікпен және техникалық шешімдермен жабдықталды.
Бекіткіш торды ұстап тұратын қосымша құрылғының орнатылуы жаңа техниканың басты артықшылықтарының бірі болды. Бұл шешім тау-кен қазбаларын бекіту кезінде атқарылатын жұмыстың бір бөлігін механикаландыруға, жұмысшыларға түсетін физикалық жүктемені азайтуға және жұмысты орындаудың қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Корпорацияның талабына сәйкес машина «Eclipse» орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесімен де жабдықталған. Қосымша камералар жұмыс аймағын 360°-қа дейін шолуды қамтамасыз етеді. Бұл операторға жұмыс барысында машинаның айналасындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.
Sandvik DS511 көлемі 4,5 литрлік Cummins дизельді қозғалтқышымен жабдықталған. Машинаның құрылымы мен қозғалтқышының жоғары қуаты оны жерасты тау-кен жұмысы жағдайында пайдалануға мүмкіндік береді. Техниканың болжамды қызмет ету мерзімі алты жылдан асады.
Машина бір жұмыс циклы аясында бұрғылау және тау-кен қазбаларын бекіту бойынша негізгі операцияларды орындай алады. Кабина екі адамнан — бұрғылаушы мен оның көмекшісінен тұратын экипажға арналған. Ол қорғаныс экрандарымен, кондиционермен және жылыту жүйесімен жабдықталған.
Өздігінен жүретін техниканы жаңарту «Қазақмыс» корпорациясының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Компания қолданыстағы техника паркінің жарамдылығын қамтамасыз етумен қатар, қауіпсіздік пен өнімділікке қойылатын заманауи талапты ескере отырып, оны кезең-кезеңімен жаңартып келеді. Тамыз-қыркүйек айларында кеніштерге 14 бірлік ауыр жерасты техникасын, оның ішінде бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын және шахталық тиеу-жеткізу машиналарын жеткізу жоспарланған.
Sandvik DS511 техникасының «Батыс» кенішіне келуі — осы бағдарламаның бір бөлігі. Жерасты техникасы паркін жаңарту қауіпсіздікті арттыруға, өндірістік операцияларды механикаландыруға және тау-кен жұмысын тиімді орындау үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.