20.08.2026, 09:30

Қазақстанда 9 банк таратылып жатыр. Салымдағы ақшаны қалай қайтаруға болады?

Фото: КазТАГ

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) дәлелді себептермен белгіленген мерзімде өтініш бере алмаған салымшылардан өтемақы төлеу туралы өтініш қабылдауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 40 салымшыға 60 млн теңгеден астам қаражат төленген. Бұл ақша өтініш беру мерзімін дәлелді себеппен өткізіп алғанын тиісті құжаттармен растаған азаматтарға әр өтініш жеке қаралғаннан кейін берілген.

Ақшасын кімдер алып үлгерді?

Таратылып жатқан банктер салымшыларының басым бөлігі кепілдік берілген қаражатын алып үлгерген. Жалпы 148 мың адамға 113 млрд теңгеден астам ақша қайтарылды. Бұл қордың салымшылар алдындағы жалпы міндеттемесінің 98%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш депозиттерге кепілдік беру тетігінің жұмыс істейтінін аңғартады. Алайда банк таратылғаннан кейін салымшының өз ақшасын қайтару үшін арнайы рәсімдерден өтуге мәжбүр болуының өзі қаржы жүйесіндегі тәуекелдің бар екенін көрсетеді.

Қазір 9 банк таратылып жатыр

Қазіргі уақытта Қазақстанда екінші деңгейлі тоғыз банк тарату сатысында:

«Валют-Транзит Банк»

«Казинвестбанк»

Delta Bank

Qazaq Banki

«Эксимбанк Қазақстан»

«Банк Астаны»

Tengri Bank

AsiaCredit Bank

Capital Bank Kazakhstan

Бұл банктер бойынша кепілдік өтемақыны алудың негізгі мерзімі аяқталған. Уақытында талап етілмеген қаражат салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шоттарына аударылған. Алайда өтініш беру мерзімін дәлелді себеппен өткізіп алған салымшылардың ақшасын қайтаруға әлі де мүмкіндігі бар.

Қандай жағдайлар дәлелді себеп болып саналады?

ҚДКБҚ бірнеше жағдайды ескереді. Олардың қатарында әскери қызметке алыну, Қазақстаннан тыс жерде болу, мұраны ресімдеу, бас бостандығынан айыру орындарында болу және сот белгілеген өзге де мән-жайлар бар.Мұндай жағдайда салымшы өтініш беріп қана қоймай, белгіленген мерзімді не себепті өткізіп алғанын құжатпен растауы қажет.

Өтемақы алу үшін қайда хабарласу керек?

ҚДКБҚ-ның 1460 байланыс орталығына хабарласуға болады. Сондай-ақ қор мамандарынан +7 (727) 312-24-49 және 312-24-41 телефондары арқылы кеңес алуға мүмкіндік бар.

Қазақстандықтардың депозитінде қанша ақша бар?

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында қазақстандықтардың банктердегі депозиттері 7%-ға өсіп, 30 трлн теңгеден асқан. Теңгедегі жинақ 9,5%-ға көбейсе, шетел валютасындағы салымдар 3,4%-ға азайған. ҚДКБҚ мәліметінше, жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру жүйесі тұрақтылығын сақтап отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында қордың арнайы резерві 10%-ға ұлғайып, 1,73 трлн теңгеге жеткен.ҚДКБҚ 1999 жылдан бері таратылған тоғыз банктің 418 мыңнан астам салымшысына жалпы сомасы 114 млрд теңгеден асатын кепілдік өтемақы төлеген.

Банк жабылса, қанша ақша қайтарылады? Кепілдік мөлшері салымның түріне байланысты. 20 млн теңгеге дейін теңгедегі жинақ салымдары бойынша берілетін ең жоғары кепілдік мөлшері. 10 млн теңгеге дейін теңгедегі өзге депозиттер, ағымдағы шоттар және төлем карталарындағы қаражат бойынша.5 млн теңгеге дейін шетел валютасындағы депозиттер мен шоттар бойынша.Егер салым кепілдік шегінен аспаса, қор негізгі сомамен бірге банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақыны да белгіленген лимит шегінде өтейді. Мәселен, қарапайым теңгелік депозитте 12 млн теңге болса, ҚДКБҚ ең көбі 10 млн теңге төлейді. Қалған 2 млн теңгені салымшы банктің тарату комиссиясына кредитор ретінде талап етуге мәжбүр болады.Бұл жерде салымшылар ескеруі тиіс маңызды жайт бар: банктегі ақшаның барлығы бірдей мемлекет тарапынан шексіз қорғалмайды. Сондықтан депозит ашарда тек жоғары пайызға емес, кепілдік мөлшеріне де назар аударған жөн.

Бір банкте бірнеше депозит болса ше?

Бір банкте бірнеше шот ашу арқылы кепілдік мөлшерін шексіз көбейту мүмкін емес. Егер бір адамның бір банкте бірнеше түрлі депозиті, ағымдағы шоты немесе картасы болса, олардың барлығы бойынша кепілдік өтемақы белгіленген тәртіппен бірге есептеледі. Бір салымшыға бір банктен төленетін жиынтық өтемақының ең жоғары мөлшері 20 млн теңге.

Мысалы, бір банкте 20 млн теңге жинақ салымында, 10 млн теңге ағымдағы шотта және 5 млн теңгеге балама қаражат валюталық шотта тұр делік. Жалпы сома 35 млн теңге. Бірақ банк лицензиясынан айырылған жағдайда қордың кепілдігі барлық 35 млн теңгені толық өтемейді: жиынтық төлем 20 млн теңгеден аспайды. Сондықтан ірі көлемдегі жинақты бір ғана қаржы ұйымында ұстау тәуекелді арттырады. Қаражатты кепілдік беру жүйесіне қатысатын бірнеше банкке бөліп орналастыру тәуекелді төмендетудің бір жолы. 99,8% қорғалған. Бірақ бұл банктердің бәрі мінсіз жұмыс істейді деген сөз емес. Қазақстандағы депозиттік шоттардың 99,8%-ындағы қаражаттың толық кепілдікпен қамтылуы салымшылар үшін маңызды қорғаныс. Бірақ бұл көрсеткішті банктердің қаржылық жағдайының мінсіздігінің дәлелі ретінде қабылдауға болмайды. Өйткені депозитке кепілдік беру жүйесінің міндеті банк қиындыққа тап болғаннан кейін салымшыны қорғау. Ал банктің тәуекелді басқаруы, несие саясаты, активтерінің сапасы мен қаржылық тұрақтылығы мүлде бөлек мәселе.

Қазір тарату сатысында тұрған тоғыз банктің тарихы қаржы ұйымының лицензиясы бар екені оның ешқашан жабылмайтынына кепілдік бермейтінін көрсетті. Банк нарықтан кеткен жағдайда мәселенің салдарын тек оның акционерлері немесе басшылығы ғана емес, қарапайым салымшылар да сезінеді. Әсіресе кепілдік шегінен артық қаражат ұстаған азамат үшін тәуекел жоғары. Қор белгіленген мөлшерді өтегенімен, одан асқан ақшаны қайтару тарату рәсіміне тәуелді болады. Бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Осы тұста тағы бір мәселе туындайды. Банктер депозит тартқанда жоғары мөлшерлемені, тиімді шарттарды және түрлі артықшылықтарды белсенді жарнамалайды. Бірақ салымшыға банк лицензиясынан айырылған жағдайда оның ақшасының нақты қанша бөлігі қорғалатыны дәл сондай түсінікті әрі айқын жеткізіле ме? Қаржылық сауаты жоғары адам 20, 10 және 5 млн теңгелік лимиттердің айырмасын білуі мүмкін. Ал қарапайым клиент банкке ақша салғанда ең алдымен пайыздық мөлшерлемеге қарайды. Сондықтан салым шартында кепілдік сомасы мен одан асатын қаражатқа қатысты тәуекел барынша түсінікті көрсетілуі керек.Депозит көбейді, банктердің жауапкершілігі де артуы тиіс. Қазақстандықтардың банктердегі жинағы 30 трлн теңгеден асып отыр. Бұл халықтың орасан зор қаржысы банк жүйесінде сақтаулы деген сөз. Депозит көлемінің өсуі банктер үшін арзан әрі тұрақты қорландыру көзі саналады. Қаржы ұйымдары бұл ақшаны несие беруге және басқа да операцияларға пайдаланып, табыс табады. Сондықтан салымшы банк үшін жай ғана клиент емес, оның ресурстық базасын қалыптастыратын негізгі тараптардың бірі. Осы себепті депозит көлемі өскен сайын банктердің салымшылар алдындағы жауапкершілігі де күшеюі керек. Клиентке депозиттің жоғары пайызын көрсету жеткіліксіз. Банк өзінің қаржылық жағдайы, салымға қатысты тәуекелдер, кепілдік шегі және лицензиясынан айырылған жағдайда не болатыны жөніндегі ақпаратты да барынша ашық ұсынуға тиіс. Өйткені қаржы нарығындағы сенім жарнамамен емес, банк қиындыққа тап болған кезде салымшының мүддесі қаншалықты қорғалатынымен өлшенеді. Банк таңдағанда тек депозит пайызына қарау қауіпті. Соңғы жылдары банктер арасында салымшының ақшасы үшін бәсеке күшейді. Жоғары пайыз ұсыну клиент тартудың негізгі құралдарының біріне айналды. Алайда депозит мөлшерлемесі жоғары болған сайын, салымшы «неге бұл банк өзгелерден көбірек төлеп отыр?» деген сұрақты да қоюы керек. Банк таңдағанда оның депозит бойынша ұсынған пайызы ғана емес, қаржылық көрсеткіштері, активтерінің сапасы, меншікті капиталы, өтімділігі және нарықтағы жағдайы да ескерілуге тиіс. Қазақстандық салымшылар үшін таратылып жатқан тоғыз банктің тарихынан шығатын негізгі сабақ та осы.Депозитке кепілдік беру жүйесі салымшыны қорғайды, бірақ банктің орнына оның барлық тәуекелін өз мойнына алмайды. Сондықтан ірі соманы бір банкке жинап қою, кепілдік лимитін елемеу және қаржы ұйымын тек жоғары пайызға қарап таңдау салымшының өзі үшін қосымша тәуекел. Ал банктер үшін басты талап өзгермейді: халықтың ақшасын тарту оңай болғанымен, сол ақшаның қауіпсіздігіне жауап беру одан әлдеқайда маңызды.