$ 462.22  536.5  5.43

Тағы бір қыз өлімі: Астанада 17 жастағы оқушы көз жұмды

Қайғылы жағдай 23 сәуірде Іле ауданына қарасты Көкқайнар ауылында болған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Алматы облысында 17 жастағы 11-сынып оқушысы Ясмина Ізімжан қайтыс болды. Марқұмның туыстары қыздың өліміне дейін мектепте психологиялық қысым көргенін айтып, бұл жағдайдың қайғылы оқиғаға қатысы бар-жоғын анықтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы жағдай 23 сәуірде Іле ауданына қарасты Көкқайнар ауылында болған. Туыстарының айтуынша, Ясмина 19 жастағы жігітпен қарым-қатынаста болған. Алайда бұл жағдайға жігіттің анасы, сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін әйел қарсы болған.

Марқұмның жақындары мұғалім тарапынан қызға қысым жасалғанын айтып отыр. Олардың сөзінше, оған ұлтына қатысты ауыр сөздер айтылып, ата-анасын мектепке шақырту және әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты сотқа жүгіну секілді ескертулер жасалған.

Туыстарының айтуынша, Ясмина ақыры жігітпен қарым-қатынасын тоқтататыны туралы қолхат жазуға мәжбүр болған.

Қыздың артында ата-анасына арналған қысқа жазба қалған.

«Анашым, әкешім, мен сендерді жақсы көремін. Менің басқа амалым болмады», — делінген жазбада.

Ясминаның жақындары қайғылы жағдайдан кейін Instagram желісінде «За Ясмину» парақшасын ашқан. Олардың айтуынша, оқиғадан бері төрт ай өтсе де, тергеу барысында нақты нәтиже жоқ.

Марқұмның туыстары қысым көрсетті деп отырған мұғалімнің әлі де сол мектепте жұмыс істеп, оқушыларға сабақ беріп жүргенін мәлімдеді. Осыған байланысты отбасы прокуратура мен Оқу-ағарту министрлігіне жүгініп, істі жан-жақты әрі әділ тергеуді сұраған.

Өз кезегінде «Menin mektebim» жекеменшік мектебінің әкімшілігі тергеу органдарына қажетті ақпарат пен құжаттардың берілгенін хабарлады. Білім беру ұйымы қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы уәкілетті органдардың қарауында екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайлары уәкілетті органдардың тергеуінде. Мектеп қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсынып жатыр. Тергеу аяқталып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін мектеп әкімшілігі түсініктеме беруден бас тартады. Ресми нәтижелерді күтулеріңізді сұраймыз», — деп мәлімдеді мектеп әкімшілігі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 2