26.08.2026, 07:30

Найзағай, дауыл, тұман: 26 тамызға арналған ауа райы болжамы

Фото: ЖИ

Кей жерлерде тұман түсіп, жел секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

26 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлауы мүмкін. Синоптиктер найзағай, қатты жаңбыр, тұман, жел және жоғары өрт қаупіне байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік және шығыс аудандарда кей уақытта қатты жаңбыр жауып, күндіз бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Абай облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен найзағай болжанады. Кей жерлерде тұман түсіп, жел секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Ақтөбе облысында түнде солтүстікте, күндіз батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.

Жетісу облысында, әсіресе таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай болады. Түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз кей жерлерде желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.

Қостанай облысында күндіз батыс және солтүстік аудандарда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік бөлігінде тұман түсіп, облыстың оңтүстігінде ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында, Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында найзағаймен бірге аздаған жаңбыр күтіледі.

Ақмола облысында түнде және таңертең батыс пен оңтүстікте тұман түседі. Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында да тұман күтіліп, күндіз жел секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Алматы облысының таулы аймақтарында түнде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауып, тұман түсуі ықтимал. Ал Түркістан облысында шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін.

Синоптиктер бірнеше өңірде төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ұлытау және Жамбыл облыстарында өрт қаупі жоғары. Қарағанды облысының оңтүстігінде төтенше, ал шығысында жоғары өрт қаупі болжанған.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында күндіз ауа температурасы +38…+39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

«Қазгидромет» тұрғындарға ауа райына байланысты дауылды ескертулерді ескеріп, сапар мен ашық ауадағы жұмыстарды алдын ала жоспарлауға кеңес береді.