Шымкенттің нақты секторындағы өсім тек өндіріс көлемімен өлшенбейді.
Шымкент қаласында нақты сектордың тұрақты дамуына көлік және логистика саласы елеулі серпін беріп отыр. Өнеркәсіп, сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы арасындағы байланысты қамтамасыз ететін бұл бағыт қаланың экономикалық белсенділігін арттыруда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі 969,5 млрд теңгеге жетіп, 10,7%-ға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 847,2 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары 161,3 млрд теңгеге жетіп, 12,6%-ға артса, жалпы сауда көлемі 2,4 трлн теңгеден асты. Осындай экономикалық өсім көлік-логистика жүйесіне түсетін жүктеменің де ұлғайып отырғанын көрсетеді.
Қалада көлік қызметінің көлемі 2026 жылдың жеті айында 276,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға өсті. Бұл көрсеткіш Шымкентте жүк жеткізу, тасымалдау, сақтау және сауда логистикасына сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2025 жылғы қорытынды бойынша Шымкенттегі көшелердің жалпы ұзындығы 3 846,7 шақырымға жетті. Сол жылы 1 059 шақырым жол салынып, пайдалануға берілді. Қоғамдық көлік жүйесінде 83 бағыт бойынша 988 автобус қызмет көрсетіп, жылдық жолаушылар ағыны 86 млн адамға жетті. Қаланың көшелері толық жарықтандырылып, 344 бағдаршам интеллектуалды жүйеге қосылған.
Шымкенттің географиялық орналасуы да оның логистикалық әлеуетін күшейтеді. Қала еліміздің оңтүстігіндегі ірі өндірістік және сауда орталығы ретінде Түркістан, Жамбыл облыстарымен, Өзбекстан бағытындағы халықаралық көлік ағындарымен тығыз байланысқан. Теміржол, автомобиль жолдары және халықаралық әуежайдың бір кеңістікте тоғысуы мультимодальды тасымалды дамытуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың қаңтар-маусымында Шымкенттегі барлық көлік түрлері бойынша жүк айналымы 10 512,6 млн тонна-шақырымды құрады. Ал жолаушылар айналымы 3 583,1 млн жолаушы-шақырымға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға артты.
Демек, Шымкенттің нақты секторындағы өсім тек өндіріс көлемімен өлшенбейді. Өндірілген өнімді нарыққа жылдам жеткізу, шикізатты тасымалдау, көтерме сауданы ұйымдастыру және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту – экономиканың келесі даму кезеңіндегі негізгі міндеттердің бірі. Көлік пен логистика инфрақұрылымын жетілдіру Шымкенттің республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі ірі сауда-өндірістік хабқа айналуына жол ашады.