$ 458.48  534.68  5.43

«Сау жері болған жоқ»: Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта жылап жіберді

"Құлағы мен мұрнынан қан атқылап жатты". 

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Бүгін фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында куәгерлерден жауап алу басталды. Сотта оның әріптесі, фельдшер Дилназ Байзақова да қайғылы оқиға кезінде болған жағдайды айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Дилназ Байзақованың айтуынша, оқиға болған күні ол Ұлданамен бірге жұмыс істеген жедел жәрдем бригадасына ғимарат қабырғасының құлауына байланысты бірінші санаттағы шұғыл шақырту түскен.

Фельдшерлер оқиға орнына жеткенде үйінді астында екі адам – әйел мен ер адам жатқан. Әріптестер зардап шеккендерге көмек көрсетуге кіріскен кезде үстілеріне кірпіштер құлаған.

Куәгердің сөзінше, соққыдан кейін ол орнынан тұрып, Ұлдананы іздеген. Сол сәтте оны әріптесінің етпетінен жатқан күйде көрген.

"Оны көтердім. Сау тамтығы қалмапты. Құлағы мен мұрнынан қан атқылап жатты. Мен «Ұлдана!» деп айғайладым", – деді Дилназ Байзақова сотта.

Қайғылы сәтті еске алған куәгер көзіне жас алды. Оның айтуынша, кейін оқиға орнына екінші жедел жәрдем бригадасы келіп, Ұлдананы алып кеткен.

Ал Дилназ Байзақованың өзіне ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты және амнезия диагноздары қойылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0