28.08.2026, 14:40

Ұзынағаштағы ерлер дәретханасынан 21 жастағы қыздың денесі табылды

Фото: «Криминальный Казахстан»

Жақындары бойжеткеннің денесінен бірнеше көгерген ізді байқағанын айтады.

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 21 жастағы Диананың денесі табылды. Қыздың туыстары оның өзіне қол жұмсағанына күмән келтіріп, бойжеткеннің өліміне басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Криминальный Казахстан» мәліметінше, Диана қайтыс болардан бірнеше күн бұрын анасына ерекше көңіл бөліп, сыйлықтар жасап, оны сұлулық салонына апарған. Сонымен қатар концертке билет сатып алған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Диана жұмыстан кейін ағасының үйіне бармақ болған. Алайда түнде онымен байланыс үзілген.

Жақындары бойжеткеннің денесінен бірнеше көгерген ізді байқағанын айтады. Бұдан бөлек, олардың сөзінше, Диананың сөмкесіндегі 100 мың теңге мен мойнындағы алтын шынжыры жоғалған. Кейін марқұмның жеке заттарын туыстары жырадан тауып, тергеушілерге тапсырған.

Отбасы мүшелері оқиғаға қатысты болуы мүмкін куәгердің сөзін де алға тартып отыр. Олардың мәліметінше, әйел дәретхананың маңында екі көлік пен төрт жас жігітті көрген.

Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғаған. Іс «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.