$ 464.77  541.36  5.41

АҚШ Иранға қарсы шабуылын қайта бастады

Шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза тауып, бірқатар азамат жараланған.

Фото: Reuters
Фото: Reuters

Иран АҚШ-тың Иордания аумағында орналасқан әскери базаларына зымыранмен соққы жасаған. Бұл туралы Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Басылым мәліметінше, бұған дейін АҚШ әскери күштері Иранның Ларак аралындағы зымыран ұшыру қондырғыларына соққы берген. Шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза тауып, бірқатар азамат жараланған.

Осыдан кейін Тегеран Иорданиядағы «Король Хусейн» және «Аль-Азрак» әскери базаларына зымыран атқылаған. Иран Ислам революциясы сақшыларының мәлімдеуінше, шабуыл барысында АҚШ-тың әскери нысандарындағы техникалық инфрақұрылым мен жойғыш ұшақтар орналасқан позициялар нысанаға алынған. Иран тарапы шабуыл нәтижесінде нысандарға елеулі залал келгенін мәлімдеді.

Ал Иордания қарулы күштері елдің әуе кеңістігіне кірген сегіз зымыранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері арқылы жойылғанын хабарлады.

Шабуылдан бірнеше сағат бұрын АҚШ Орталық қолбасшылығының өкілі Тим Хокинс америкалық әскери күштердің Иран аумағына соққы жасағанын растаған. Оның айтуынша, АҚШ әскері Иран Ислам революциясы сақшыларының Ормуз бұғазына зымыран ұшыруға дайындалып жатқанын анықтаған.

Бұл АҚШ-тың шілде айының соңынан бері Иранға жасаған алғашқы әскери соққысы болды.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Иран арасында жасалған 60 күндік атысты тоқтату келісімінің мерзімі аяқталған. Сол уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздер жалғасып жатқанын айтқанымен, Иран талаптарға көнбеген жағдайда оның одақтастарына да соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0