31.08.2026, 12:00

Каспий теңізінде SUP-бордпен жүзген ер адам суға батып кетті

Фото: Pixabay

Қайғылы оқиға шомылуға рұқсат етілмеген аумақта болған.

Маңғыстау облысында қайғылы жағдай тіркелді. Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» аумағында SUP-бордпен суға шыққан 28 жастағы ер адам көз жұмды. Оқиға 30 тамыз күні сағат 16:10 шамасында болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Төтенше жағдайлар қызметінің алдын ала мәліметінше, 1998 жылы туған ер адам SUP-бордпен теңізде серуендеп жүрген кезде суға батып кеткен.

Қайғылы оқиға шомылуға рұқсат етілмеген аумақта болған. Ер адамның достары оны жағадан шамамен 10 метр жерден тауып, дереу жағаға шығарған.

Оқиға орнына құтқарушылар, Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы жеткен. Мамандар алғашқы көмек көрсеткенімен, ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Маңғыстау облысының ТЖД тұрғындар мен өңірге келген қонақтарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Ведомство шомылуға арналмаған жерлерде суға түсу өмірге қауіп төндіретінін ескертті.