01.09.2026, 10:45

Шымкентте 405 мың оқушы үшін жаңа оқу жылы басталды

Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкентте жаңа оқу жылында мектеп партасына 405 мыңға жуық оқушы отырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның шамамен 29 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер.

Білім күніне арналған негізгі салтанатты жиын Теріскей шағынауданындағы жаңартылған №46 мектеп-лицейде өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Биылғы 1 қыркүйек «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды. Мерекелік жиын Мемлекеттік Туды көтеріп, Әнұранды орындаудан басталды.

Қала әкімі білім сапасын арттыру, цифрландыру мен жасанды интеллектті меңгеру, сондай-ақ жастарға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Соңғы екі жылда Шымкентте 13 жаңа мектеп салынды. Биыл 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 мектепке қосымша ғимараттар салынды.

№46 мектеп-лицейде биыл 478 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Ғимараттың қасбеті, шатыры, спорт залы мен жертөле бөлігі толық жаңартылды. Екі ауысымда білім алатын мектепте шамамен 2 700 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа 218 бала қабылданды.

Білім күні аясындағы іс-шаралар тәрбие мен ұлттық құндылықтарға басымдық бере отырып, артық шығынсыз ұйымдастырылды. Салтанатты жиындардан кейін оқушылар үшін Конституция құндылықтары мен жалпыұлттық жобаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары өткізілді.