31.08.2026, 13:30

Шымкентте өнеркәсіп өндірісі 10,7%-ға өсті

Фото: Казинформ

Шымкентте нақты секторды дамыту аясында өнеркәсіп өндірісін ұлғайту, өңдеуші саланың әлеуетін арттыру, құрылыс пен көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар–шілдеде қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 969,5 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіптік өндіріс индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,7%-ды құрады.

Өсімнің маңызды бөлігінің бірі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Жеті айда бұл саладағы өндіріс 9,5%-ға артып, 847,2 млрд теңгеге жетті. Салыстыру үшін, жалпы Қазақстан бойынша осы кезеңде өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9% болды. Осылайша, Шымкенттегі көрсеткіш республикалық деңгейден 0,5 пайыздық тармаққа жоғары.

Қаланың нақты секторындағы оң динамика құрылыс саласында да байқалады. Қаңтар–шілдеде құрылыс жұмыстарының көлемі 161,3 млрд теңгені құрап, бір жылда 12,5%-ға өсті. Осы кезеңде 643,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға көп. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы ауданы 522 мың шаршы метрге жетіп, 43,3%-ға артқан.

Көлік саласында жолаушылар айналымы айтарлықтай өскен. Жеті айдың қорытындысында Шымкентте бұл көрсеткіш 20%-ға артты. Ал жүк айналымындағы өсім 0,2%-ды құрады.

Өндірісті одан әрі кеңейту үшін қаладағы өнеркәсіптік алаңдардың инфрақұрылымы да дамытылып жатыр. Қолданыстағы индустриялық аумақтардың толымдылығының жоғары болуына байланысты жаңа өндірістік алаңдарды қалыптастыру көзделген. Бұл жаңа кәсіпорындарды орналастыруға және өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндік береді.

Жалпы, жеті айдың көрсеткіштері Шымкентте өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы іскерлік белсенділіктің сақталғанын көрсетеді. Өңдеу өндірісінің жалпы республикалық көрсеткіштен жоғары қарқынмен өсуі қаланың нақты секторындағы негізгі нәтижелердің бірі болып отыр.