Апат салдарынан алты адам оқиға орнында қаза тапты.
Жетісу облысындағы «Сарыөзек — Көктал» автожолында болған жол-көлік оқиғасынан алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Апат автожолдың 110-шақырымында болған. Жол-көлік оқиғасы кезінде екі Chevrolet Cobalt автокөлігі соқтығысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол қарсы бағытта келе жатқан автокөлікпен соқтығысқан.
Апат салдарынан алты адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
— Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады облыстық полиция.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға және көлік басқару кезінде жол мен ауа райы жағдайын ескеруге шақырды.