Жаннат бұған дейін Италиядағы Орта көлінде ашық суда 14 шақырым қашықтықты да жүзіп өткен.
Балқаш көлінде өткен халықаралық Oceanman Ultra Oceanman жарысында маңғыстаулық Жаннат Қатарбаева 21 шақырымдық ультра қашықтықты жүзіп өтіп, мұндай нәтижеге қол жеткізген алғашқы қазақ әйелі атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, Жаннат Қатарбаева – Жаңаөзен қаласының тумасы. Мамандығы бойынша заңгер спортпен қатар кәсіби қызметін де жалғастырып келеді. Қазір Астана қаласында тұрып, Digital Silk Road Company компаниясында заңгер болып жұмыс істейді.
Спортшы жүзумен алты жылдан бері айналысады. Бапкері Дмитрий Деревянконың жетекшілігімен жүйелі түрде жаттығып жүрген ол осы уақыт ішінде Қазақстанның әртүрлі су айдындарында ұйымдастырылған жарыстарда 8 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырып, бірнеше мәрте жүлдеге ие болған.
Жаннат бұған дейін Италиядағы Орта көлінде ашық суда 14 шақырым қашықтықты да жүзіп өткен.
Ал 2026 жылы Балқашта ұйымдастырылған Ultra Oceanman жарысы Қазақстандағы ашық суда жүзу тарихындағы алғашқы ультра ұзақ қашықтықтағы халықаралық дода болды. Жарыс барысында Жаннат Қатарбаева 21 шақырымды жүзіп өтіп, бұл қашықтықты бағындырған алғашқы қазақ әйелі ретінде тарихқа енді.
Спортшының айтуынша, оның жетістігі әйел адамның жасына қарамастан спортпен айналысып, алдына жаңа мақсаттар қоя алатынын көрсетеді. Жаннат өз тәжірибесі арқылы әйелдерді белсенді өмір салтын ұстануға және өз күшіне сенуге шақырады.
Осылайша, маңғыстаулық спортшының тарихи нәтижесі Қазақстанда ашық суда жүзу спортының дамуына қосылған маңызды үлес ретінде бағаланып отыр.