"Осы қуанышты сәт баршаңызға құтты болсын!"
Бүгін Білім күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бес жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Аталған шара Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды.
Оның негізгі мақсаты – жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылым саласына жас кадрларды тартуға жағдай жасау. Осы мақсатта Комиссия Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында еңбек ететін жас ғалымдар арасынан баспанамен қамтамасыз етуге үміткерлердің кезекті тізімін айқындады.
-Бүгінгі айтулы күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бес жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстап отырмыз. Бұл – мемлекет тарапынан ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілерге көрсетіліп отырған нақты қолдаудың маңызды бір көрінісі. Сіздер бүгін тұрғын үйге өтеусіз негізде қол жеткізуге мүмкіндік беретін пәтер сертификаттарының иегері атанып отырсыздар. Осы қуанышты сәт баршаңызға құтты болсын! Президент жас ғалымдарды қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта өтеусіз негізде берілетін пәтер сертификаттарымен қатар «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары да жас зерттеушілердің баспаналы болуына мүмкіндік береді. Мұндай шаралар жас ғалымдарға әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ғылыми ізденістеріне алаңсыз көңіл бөліп, еліміздің ғылымы мен технологиясының дамуына үлес қосуына жағдай жасауға бағытталған», - деді С. Нұрбек.