02.09.2026, 10:10

«Салығымыз қайда кетіп жатыр?»: Ұлытаудағы Жыланды жолы жүргізушілердің ашуын туғызды

Фото: Видео скриншот

Әлеуметтік желіде тараған видеода жолдың кей тұсы ойылып, көлікке зақым келтіретіндей терең шұңқырлар пайда болғаны көрінеді.

Ұлытау ауданындағы Жыланды ауылына апаратын жолдың шұрық-тесік күйі жүргізушілердің наразылығын туғызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жолдың кей тұсы ойылып, көлікке зақым келтіретіндей терең шұңқырлар пайда болғаны көрінеді.

Видео авторы бұл жолмен ауыр жүк көліктері жиі жүретінін айтып, «төлеген салығымыз босқа кетті» деп жауапты мекемелерге наразылығын білдірген.

Ресми құжат бойынша Жыланды ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар жолдың ұзындығы 21,27 шақырым, ал 2026 жылғы бюджетте оны орташа жөндеуге 207 млн 857 мың теңге қарастырылған.

Енді тұрғындар үшін басты сұрақ — қыруар қаржы бөлінген жол қашан қалыпқа келеді және оның бүгінгі жағдайына кім жауап береді? Жолдың бұзылуына ауыр жүк көліктері себеп болды деген пікір айтылғанымен, бұл ақпаратқа әзірге ресми органдардың нақты түсініктемесі қажет.