02.09.2026, 14:20

«Кез келген сәтте құлауы мүмкін»: Ұлдана Мырзуан ісі бойынша үй тұрғыны жауап берді

Фото: видеодан скрин

Марина Самсонова бұл үйде 2005 жылдан бері тұратынын айтты.

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында оқиға болған үйдің техникалық жағдайына байланысты тың деректер айтылды. Сотта куәгер Марина Самсонова ғимарат тұрғындары үйдің қауіпсіздігіне бірнеше жылдан бері алаңдап келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Марина Самсонова бұл үйде 2005 жылдан бері тұратынын айтты. Оның сөзінше, ғимарат пайдалануға берілгеннен бірнеше жыл өткен соң пәтер қабырғаларында жарықтар пайда болған. Алайда сол кезде тұрғындарға бұл жағдай үйдің шөгуіне байланысты қалыпты құбылыс ретінде түсіндірілген.

Куәгер үйдің шатырына қатысты мәселе де бірнеше рет көтерілгенін айтты. Тіпті 2014 жылы шатырдан су аққанына байланысты сотқа жүгінген.

«Мен тоғызыншы қабатта тұрамын. Шатырға қатысты мәселе үнемі болатын. 2014 жылы өзім сотқа жүгіндім. Шатырдан су өтіп, ешқандай шара қолданылмады», – деді ол.

Самсонова үйдің нақты техникалық жағдайы туралы тұрғындар кейіннен ғана толық ақпарат алғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысымен ол тек 2025 жылғы 8 қарашадағы оқиғадан кейін танысқан.

Құжатта ғимараттың апат алдындағы жағдайда екені көрсетіліп, оған төртінші санат берілген.

«Мен бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрып келемін. Үйдің кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін білмедім. Сараптама қорытындысынан оның апат алдындағы жағдайда тұрғанын кейін білдім», – деді куәгер.

Оның сөзінше, техникалық сараптама кезінде ғимараттың кірпіш қалауынан да бірқатар ақау анықталған. Атап айтқанда, кей жерлерде кірпіш сынықтары пайдаланылған, сондай-ақ қалауды бекітетін арматуралық торға қатысты мәселелер болған.

Куәгердің айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашадағы қираудан кейін әкімдік тарапынан ғимаратты уақытша күшейту жұмыстары жүргізілген. Қауіптің алдын алу үшін фасадтағы кейбір кірпіштер алынып, ғимараттың бірнеше бөлігі швеллермен бекітілген.

Алайда тұрғынның айтуынша, қазіргі таңда үйдегі жағдай қайта нашарлап барады.

Самсонова соңғы уақытта тоғызыншы қабаттағы дәлізде жаңа әрі ірі жарықтар пайда болғанын, олардың төменгі қабаттарға қарай тарала бастағанын айтты. Сонымен қатар ғимараттың бүйір бөлігіндегі бұзылу процесі де жалғасып жатқанын жеткізді.

«Қазір біз шынымен қорқып отырмыз. Бұған дейін жарықтар тоғызыншы қабаттан жетінші қабатқа дейін болатын. Қазір төмен қарай тарала бастады. Үйдің бүйір бөлігінде де бұзылу жалғасып жатыр», – деді ол.

Куәгердің айтуынша, жарықтардың өзгеруін бақылау үшін ғимаратқа арнайы маяктар орнатылған. Оның сөзінше, екінші кіреберістегі маяктарда өзгеріс байқалмағанымен, өздері тұратын бірінші кіреберістегі кей маяктар ажырап кеткен.

Тұрғындар үйдің жағдайына байланысты мемлекеттік органдарға бірнеше рет ұжымдық хат жолдаған.

«Он ай бойы мемлекеттік органдарға үйге назар аударуды сұрап хат жазып келеміз. Өйткені әрі қарай құлап кете ме деп қорқамыз. Үйдің жанында балалар алаңы бар. Егер кірпіштер құлайтын болса, адам өлімі болуы мүмкін деп алаңдаймыз», – деді Самсонова.

Оның айтуынша, тұрғындар техникалық сараптама қорытындысын талқылағаннан кейін де тиісті органдарға жүгінген.

Сотта қорғаушы куәгерден тұрғын ретінде үйдің қазіргі жағдайына ықпал ете алған-алмағанын сұрады. Самсонова мұндай мүмкіндік болмағанын айтты.

«Тұрғын ретінде мен үйдің жағдайына әсер ете алмадым. Егер үй бастапқыда осындай ақаулармен салынған болса, кейін көшіп келген адамның оның конструкциясына ықпал етуі мүмкін емес. Егер үйдің кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін білген болсам, баяғыда көшіп кетер едім», – деді ол.

Куәгер 2025 жылғы 8 қарашадағы қирауға дейін үйдің құлаған бөлігінде қазіргі кездегідей ірі жарықтарды байқамағанын да айтты.

Самсонованың сөзінше, қазір тұрғындарды алаңдатып отырған басты мәселе – ғимараттың басқа бөліктерінде де осындай жағдай қайталануы мүмкін екені.

«Біздің тарапта да осындай кірпіштер болуы мүмкін деп алаңдаймыз. Сондықтан қазір кез келген сәтте қайтадан құлауы мүмкін деп қорқып отырмыз», – деді куәгер.