02.09.2026, 15:40

Павлодарлық фермада алты жұмысшы қаза тауып, басшысы кінәлі деп танылды

Фото: stan.kz

Комиссия құдықтағы жұмыстардың ұйымдастырылуынан да қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын анықтады.

Павлодар облысындағы Aqtogai Milk кәсіпорнында күкіртсутектен уланып, алты жұмысшы қаза тапқан қайғылы оқиғаға арнайы комиссия тергеу жүргізді. Нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі толықтай дәлелденіп, кінә дәрежесі 100 пайыз деп белгіленді, еп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оқиға жұмысшылардың құдықта жұмыс істеуі кезінде болған. Алдымен қызметкерлердің бірі күкіртсутекке уланып, құдық ішінде зардап шеккен. Оны құтқару үшін әріптестері кезекпен ішке түскен. Алайда нәтижесінде алты жұмысшының барлығы көз жұмған.

Тергеу барысында қызметкерлердің қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау тәртібі бойынша тиісті оқудан өтпегені анықталды. Бұдан бөлек, жұмысшылар қажетті жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілмеген.

Комиссия құдықтағы жұмыстардың ұйымдастырылуынан да қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын анықтады. Әсіресе апат болған кезде және құтқару жұмыстарын жүргізу барысында тиісті қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген.

«Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші – “Aqtogai Milk” ЖШС-нің кінә дәрежесі 100% деп белгіленді», – деп мәлімдеді министрлік.

Тергеу нәтижесінде қайғылы оқиғаның себептері мен барлық мән-жайы анықталып, оған жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ комиссия анықталған заң бұзушылықтарды жою және осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу бойынша бірқатар ұсыным әзірледі.

Министрлік жұмыс берушілерге құдықтарда, резервуарларда, ыдыстарда және өзге де жабық кеңістіктерде жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.

Ведомствоның айтуынша, мұндай жұмыстарға тартылған қызметкерлер міндетті түрде қауіпсіздік талаптары бойынша оқытылып, қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар жұмысшылар төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге дайын болуы қажет.