BI Group салған «Өрнек» тұрғын үй кешеніндегі пәтердің жағдайы әлеуметтік желіде сынға қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғынның айтуынша, үй пайдалануға берілгеніне небәрі екі ай болған, алайда пәтердің қабырғасын қайта бұзып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келген. Жарияланған видеода қабырғаның бір бөлігі бұзылып, еденге құрылыс қалдықтары мен шаң-тозаң шашылғаны көрінеді. Пәтер иесі BI Group-ты белгілеп, «тағы қанша уақыт осы шаңды жұтуым керек?» деп наразылығын білдірген. Желі қолданушылары да жағдайды сынап, құрылыс сапасына қатысты пікірлерін жазған. Жаңа үйге қоныстанғанына екі ай ғана болған тұрғынның қайта жөндеу жұмысына тап болуы BI Group-тың құрылыс сапасы мен оны бақылауына қатысты сұрақ туғызады.