Оның айтуынша, жеті қазынаның бірі саналатын тазы – адалдық, ептілік пен күштің символы.
Айбек Смадияров қазақ тазысы мен төбеті күнінің маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы отандастарын Қазақ тазысы мен төбеті күнімен құттықтап, ұлттық ит тұқымдарының халқымыздың мәдениеті мен дәстүріндегі орнына тоқталды.
Оның айтуынша, жеті қазынаның бірі саналатын тазы – адалдық, ептілік пен күштің символы. Ғасырлар бойы тазы мен төбет қазақ халқының көшпелі тұрмысымен тығыз байланысып, ата-баба дәстүрін бүгінге жеткізген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. Президент тапсырмасымен бұл бағытта соңғы жылдары жүйелі жұмыстар атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қабылданып, еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне енді», – деді Айбек Смадияров.
2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалып, Қазақстан оның шыққан жері ретінде ресми бекітілді. Қазір қазақ тазылары халықаралық көрмелерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар асыл тұқымды иттерді көбейту жұмыстары қарқын алып, тазы асыраушылардың қатары артып келеді.
Смадияровтың сөзінше, Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы да аяқталуға жақын.
«Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Ата заңымызда құндылықтар ретінде айқындалған. Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам», – деді ол.